Темірдей төзімнің иесі - Жандос Жайлаубайұлы

Темірдей төзімнің иесі - Жандос Жайлаубайұлы

Өндіріс ошақтарында тынымсыз еңбек етіп, ел экономикасының тірегіне айналған жандардың еңбегі қай кезде де құрметке лайық. Олар даңқ пен атақ үшін емес, адал маңдай термен қоғам игілігіне қызмет ететін азаматтар. Осындай еңбек адамдарының бірі - Kaspy Steel компаниясында қалыпшы болып жұмыс істейтін Жандос Жайлаубайұлы.

Жасы қырыққа таяған Жандос бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келеді. Қалыпшы - сырт көзге елеусіз көрінетінмен, өндірістің нағыз жүрегі саналады. Қалып жасау - үлкен ұқыптылықты, кәсіби шеберлікті және физикалық төзімділікті талап ететін ауыр жұмыс. Балқыған темірдің ыстығы, күн сайын қайталанатын дәлдік пен шапшаңдық - мұның бәрі қалыпшының күнделікті тіршілігі. Ал Жандос үшін бұл жай ғана жұмыс емес, шынайы өмір салты.

Төрт баланың әкесі Жандос өз ұлдарына еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ол күн сайын зауыттың ыстық пеші мен механикалық үніне қарамастан, өз ісіне деген адалдықпен еңбек етеді. Әрбір қалыпталған бөлшек - оның маңдай терінің, қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жұмыс орнында әріптестері оны жауапты, сабырлы әрі сенімді маман ретінде бағалайды.

Қалыпшы - өндірістің ең маңызды буындарының бірі. Онсыз өндіріс желісінің толық жұмыс істеуі мүмкін емес. Мұндай мамандықты меңгеру - тек кәсіп таңдау ғана емес, үлкен жауапкершілікті мойынға алу. Жандос Жайлаубайұлы осы жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Ол жасаған қалыптар арқылы металға жан бітеді, олар кейін құрылысқа, техникалық құрылғыларға, өндірістік жабдықтарға айналады. Яғни, оның қолтаңбасы тек зауытта емес, бүкіл ел игілігіне қызмет ететін істерде сақталады.

Елімізде 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – осындай майталман мамандардың беделін көтеруге, қоғам назарын еңбек адамына аударуға жасалған игі қадам. Себебі кез келген озық технологияны іске асыратын да, өнеркәсіптің дөңгелегін айналдыратын да - осындай қарапайым, бірақ қажырлы еңбек адамдары. Оларсыз мемлекет экономикасы мен өндірістік әлеуетті дамыту мүмкін емес.

Жандос сияқты азаматтар көзге көп түспесе де, қолмен емес - жүрекпен жұмыс істейді. Олар еңбек еткен сайын ел еңсесі биіктейді, ұрпаққа үлгі қалды. Мұндай адамдар - мемлекеттің шынайы тірегі, үнсіз болса да, өнегесімен ұлттың болашағын сомдап жүрген тұлғалар. Еңбек даңқын дәріптеу - дәл осындай мамандарды бағалаудан басталады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...