Шымкент қаласында көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар - сала мамандарын, оқытушылар мен студенттерді бір арнаға тоғыстырған маңызды тәжірибелік алаңға айналды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен бұл кездесулер көлік саласындағы кәсіби шеберлікті арттыруға, білім беру мекемелері мен өндірістік құрылымдар арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталды.
Іс-шаралардың басты мақсаты – көлік саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалап, озық тәжірибелерді бөлісу, заманауи технологияларды таныстыру және жас мамандарға кәсіби бағдар беру. Осындай басқосулардың бірі - «NOMAD MOTORS SHYM» ЖШС-нің (KIA ресми дилерлік орталығы) базасында өтті. Бұл жиынға «Жол-көлік колледжі» мекемесінің әкімшілігі, арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері, колледж студенттері мен талапкерлер қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағытындағы заманауи құрал-жабдықтармен, жаңа технологиялармен танысты. Қатысушыларға өндірістік үдерістер тікелей көрсетіліп, нақты жұмыс жағдайында тәжірибе алуға мүмкіндік берілді. Бұл - жастар үшін теория мен практиканы ұштастыруға зор мүмкіндік болғаны сөзсіз.
Қалалық білім басқармасының бас маманы Айгүл Рүстемова жұмысшы мамандықтарын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, мақсатты білім беру тапсырыстары мен әлеуметтік серіктестік аясындағы жобалар туралы бөлісті. Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруде дуалды оқыту жүйесін жетілдіру, өндірістік тәжірибені кеңейту - бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Бағдарлама аясында өткізілетін ерекше шаралардың бірі - «Автокөлікті бояу процесінде қолданылатын жаңа технологияларға шолу» атты шеберлік сағаты. Бұл сабақ BASF концернінің ұлттық сарапшысы, «COLORFACTORY GROUP» компаниясының техникалық директоры М.И. Романовтың қатысуымен өтпек. Қатысушылар автокөлік сырлау саласындағы заманауи химиялық құрамдар мен технологиялық шешімдер туралы кең мағлұмат алатын болады.
Мұндай іс-шаралар - тек кездесулер мен дәрістер ғана емес, шын мәнінде кәсіби даму мен серіктестікке жол ашатын маңызды алаң. Білім беру мекемелері мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы өзара байланыс студенттердің болашақ маман ретінде қалыптасуына оң ықпал етіп, оларды нақты еңбек нарығына дайындауға көмектеседі.
Болашақ мамандарға өндірістегі озық технологияларды өз көзімен көріп, тәжірибеден өту - тек білім емес, сенімділік береді. Көлік саласының дамуы мен сапалы кадр даярлау ісі осындай нақты қадамдар арқылы жүзеге асуда. Шымкентте өткен бұл кәсіби кездесулер - соның айғағы.

