Электротехникалық саладағы үздік маман өндірістік тәлімгерлікпен айналысуда

Электротехникалық саладағы үздік маман өндірістік тәлімгерлікпен айналысуда

Электротехникалық өнеркәсіп – жоғары дәлдік пен тұрақтылықты талап ететін күрделі сала. Бұл бағытта бірнеше онжылдық бойы табысты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман – Абдуллаев Нуржан. Ол 1975 жылы 17 ақпанда дүниеге келген. Орта білімін Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде аяқтап, жоғары білім алып, өз еңбек жолын Кентау трансформатор зауытында бастаған.

Абдуллаев Нуржан еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі арқылы бірқатар маңызды өндірістік жобалардың басы-қасында жүріп, ірі отандық кәсіпорындардың қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен іске қосылған Орал трансформатор зауыты мен Петропавл электротехникалық зауыты бүгінде импортты алмастыратын өндірістердің алдыңғы қатарында. Бұл зауыттарда ол өндіріс жөніндегі директор ретінде жұмыс істеп, өндірістік үдерістерді басқару, стандарттарды енгізу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.

Қазіргі таңда Нуржан Абдуллаев – «AsiaTrafo» зауытындағы өндірістік цехтың басшысы. Мұнда ол жоғары кернеулі қуат трансформаторларына арналған металлқұрылымдардың дайындалу процесін қадағалап қана қоймай, өндірістік үдерістердің дамуына, заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ техникалық кадрларды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Оның басшылығымен 30-дан астам білікті маман даярланып, еліміздегі үш ірі трансформатор зауыты – Орал, Петропавл және Шымкенттегі кәсіпорындарда өз кәсібін сәтті жалғастыруда.

20 жылдан астам уақыт бойы «Alageum Electric» компаниясында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Нуржан Абдуллаев – өндірістегі үздік тәлімгер, ұйымдастырушы әрі саланың кәсіби тірегі. Еңбектегі жетістіктері мен үздік тәжірибесі үшін ол «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті машина жасаушы» төсбелгілерімен марапатталған.

Оның еңбек жолы – жас мамандар үшін үлгі, ал өндірістегі ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби құндылықтары – отандық электротехникалық өнеркәсіптің тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес. Нуржан Абдуллаев сынды мамандардың арқасында Қазақстанда сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын жаңа буын зауыттар қалыптасып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...