Шымкент қаласында еңбек қатынастары мен мамандарды даярлау саласында оң өзгерістер белең алуда. Әлеуметтік-демографиялық дамудың маңызды тетігі – еңбек нарығының заманға сай қайта құрылуы және тұрғындардың еңбекке деген көзқарасын жаңғырту. Осы орайда, «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру, кәсіби шеберлікті дәріптеу және кадр даярлаудың жаңа моделін енгізу – мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттарының біріне айналды.
Қазіргі уақытта қалада жұмысшы мамандықтарын меңгеруге деген сұраныс артып келеді. Себебі өндіріс, құрылыс, логистика, қызмет көрсету секторы секілді салаларда білікті жұмысшы күші – басты қажеттілік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл бағыттағы мүмкіндіктер кеңейіп отыр. Жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде сұранысқа ие мамандықтар анықталып, арнайы оқыту бағдарламалары әзірленіп жатыр.
Оқу орындары мен жұмыс берушілердің арасындағы әріптестік байланыс нығая түсті. Шымкент қаласында өткізілген арнайы комиссия отырысында кәсіптік білім беретін мекемелер іріктеліп, нақты салалар бойынша оқытуға жол ашылды. Биылдың өзінде 61 жұмыс берушіден 21 мамандық бойынша 2296 орынға өтінім түсіп, соның негізінде 763 орын мақұлданды. Бұл – білім беру мен жұмысқа орналасу арасындағы тікелей байланыстың қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Кадр даярлауда тәжірибеге негізделген тәсілге ерекше назар аударылып отыр. Білім беру мекемелерінде ғана емес, жұмыс орындарында оқыту үлгісі де енгізіліп келеді. Бұл жұмысшының кәсіби дағдыны нақты өндірісте меңгеруіне мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл еңбекке тез бейімделуге, жұмыстың нақты талаптарын түсінуге және еңбекке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Жастар мен егде жастағы азаматтарға да тең мүмкіндік ұсынылуда. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» секілді жобалар арқылы көптеген тұрғындар еңбек жолын сәтті бастады. Бұл бағдарламалар уақытша ғана жұмыс емес, тұрақты табыс көзіне айналатын еңбек дағдылары мен тәжірибе беріп отыр.
Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен заң талаптарының сақталуы да басты назарда. Жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарының орындалуы жүйелі түрде қадағаланып, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Бұл – еңбек адамының құқықтарын қорғауға және жұмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан еңбек саясаты мен кадр даярлаудың жаңа үлгілері – экономиканың орнықты дамуына негіз болады. Қоғамда еңбекке құрмет артып, кәсіби білім мен дағды жоғары бағаланатын кезеңге аяқ бастық. Мемлекет пен қоғам күш біріктіріп, әрбір еңбек адамына қолдау көрсетіп отыр.

