Отбасының табысын «Әл-ауқатты бағалау калькуляторында» қалай дұрыс көрсету керек?

Отбасының табысын «Әл-ауқатты бағалау калькуляторында» қалай дұрыс көрсету керек?

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «eGov Mobile» мобильді қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторын» пайдалану тәртібін түсіндіруді жалғастыруда, деп хабарлайды No-comment.kz - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Сервис жәрдемақы алушыларға отбасының әл-ауқат деңгейі бойынша қай санатқа жатуы мүмкін екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді.

Есептеу нәтижесі тек анықтамалық сипатқа ие. Ол пайдаланушының өзі енгізген мәліметтер негізінде қалыптасады және әлеуметтік төлемдерді тағайындау, олардың мөлшері мен төленуін жалғастыру тәртібіне ықпал етпейді.

Калькуляторға енгізілетін өзгерістер тек алдын ала есептеу жүргізу үшін қажет.

Отбасы құрамы қалай анықталатынын білу маңызды

Алдымен, Отбасының цифрлық картасында отбасы құрамы қандай тәртіппен анықталатынына тоқталайық.

Жүйе мемлекеттік дерекқорлардағы екі ресми өлшемшарт негізінде азаматтарды бір отбасыға біріктіреді:

біріншісі – туыстық байланыстар бойынша (неке қию, баланың туылуы немесе қорғаншылықты белгілеу туралы актілік жазбалар);

екіншісі – тұрақты тіркеу мекенжайының сәйкестігі бойынша.

Мәселен, кәмелетке толмаған балалар әрдайым ата-анасының немесе заңды өкілдерінің отбасы құрамына енгізіледі. Ал кәмелетке толған балалар ата-анасымен бір мекенжайда тіркелген жағдайда ғана олардың отбасы құрамында есепке алынады.

Егер ересек балалар бөлек тұрып, басқа мекенжайда тіркелген болса, жүйе оларды жеке отбасы ретінде қарастырады.

Сондықтан Калькуляторда өзіңізбен бір мекенжайда тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін отбасы мүшелерін ғана көрсету қажет.

Маңызды! Отбасы құрамын дұрыс көрсету оның әл-ауқат деңгейін алдын ала неғұрлым дәл есептеуге мүмкіндік береді.

Отбасының табысын қалай дұрыс көрсету керек?

Азаматтарды жиі толғандыратын мәселелердің бірі – Калькулятордағы тиісті жолдарға табыс туралы мәліметтерді қалай дұрыс енгізу керектігі.

Калькуляторда жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түскен пайда, дивидендтер, авторлық қаламақы, роялти, жобаларға қатысу үлесінен түсетін кірістер және басқа да табыс түрлері ескеріледі. Бұл ретте алименттер мен республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылар есепке алынбайды.

Өзіңіздің және сізбен бір мекенжайда тұратын, тіркелген әрі ортақ шаруашылық жүргізетін отбасы мүшелерінің табысын қосып есептеу қажет.

Есепке Калькулятор толтырылатын айдың алдындағы үш ай табыстары алынады.

Отбасының орташа айлық жиынтық табысын анықтау үшін осы үш айдағы жалпы табыс сомасын үшке бөлу керек.

Бұл ретте отбасы мүшелерінің санын ескеріп, табысты әр адамға жеке бөліп есептеудің қажеті жоқ. Жүйеге отбасының бір айдағы жалпы табысы енгізіледі, ал Калькулятор оны отбасы мүшелерінің санына қарай автоматты түрде бөледі.

Алматы қаласында тұратын отбасын мысал ретінде қарастырып көрейік!

Әйелі жеке компанияда бас бухгалтердің орынбасары болып жұмыс істейді. Оның ресми айлық жалақысы – 1 050 000 теңге.

Ал күйеуі жетекші бағдарламашы қызметін атқарып, айына 900 000 теңге жалақы алады.

Осылайша, отбасының алдыңғы үш айдағы жиынтық табысы 5 850 000 теңгені құрайды.

Бұл соманы үшке бөлгенде 1 950 000 теңге шығады. Калькулятордың тиісті жолына дәл осы соманы отбасының орташа айлық жиынтық табысы ретінде енгізу қажет.

Тағы да еске саламыз! Бұл соманы бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелерінің санына бөлу қажет емес. Оны жүйе автоматты түрде есептейді.

Сонымен қатар, отбасының меншігінде бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны (мысалы, екі пәтер және шағын коммерциялық нысан) болса, олардың құнын есептеп, Калькулятордағы табыс сомасына қосу талап етілмейді.

Табыс ретінде тек жоғарыда көрсетілген ресми кірістер көрсетіледі.

Сіздің атыңызға тіркелген мүлік туралы мәліметтерді Калькулятор мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алады. Ал ортақ шаруашылық жүргізетін отбасының басқа мүшелеріне тиесілі мүлікті қолмен енгізу қажет. Мысалы, автокөлік әйелінің, ал үй күйеуінің атына тіркелсе және есептеуді әйелі жүргізсе, үй туралы мәліметті өзі қосуы керек.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырады.

«Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» тек eGov Mobile ресми мобильді қосымшасында қолжетімді.

Мессенджерлерде немесе SMS арқылы жіберілетін, сондай-ақ бөгде сайттарда орналастырылған сілтемелер бойынша ұсынылатын калькуляторлар жалған болуы мүмкін.

Осыған байланысты күмәнді сілтемелерге өтпеуді, жеке деректеріңізді, SMS арқылы келетін кодтарды және электрондық цифрлық қолтаңбаңызды (ЭЦҚ) үшінші тұлғаларға бермеуді сұраймыз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанның өткізу пункттерін жаңғырту аясында Қырғызстанмен шекарадағы «Сыпатай батыр» автомобиль өткізу пунктінде заманауи инспекциялық-тексеру...

Түркістан қаласында кәсіпкерлік саласының дамуы ұйымдардың құжат айналымын тиімді ұйымдастыру қажеттілігін арттырады. Сауда, өндіріс және қызмет...