Түркістан: Сарыағашта коммуналдық салаға жаңа техникалар табысталды

Түркістан: Сарыағашта коммуналдық салаға жаңа техникалар табысталды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында экологиялық ахуалды жақсарту және коммуналдық қызметтердің жұмысын жандандыру мақсатында маңызды бастама жүзеге асты. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданға жаңа арнайы техникалар табысталды. Бұл техникалар ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге, экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа техника кілттерін салтанатты түрде ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстады. Аймақ басшысы тазалық жұмыстарының маңызын ерекше атап өтті.

– Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын бәріміз «Таза Қазақстан» бағдарламасын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық бағдарламаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деген болатын. Осы тазалық жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға облыстық бюджеттен қаржы бөліп, техника кілттерін тапсырғалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына да мүмкіндік береді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған іс-шара Түркістан облысында жүйелі түрде қолға алынып жатқан экологиялық реформалардың айқын дәлелі. Жаңа техниканың тапсырылуы облыс әкімдігі мен Сарыағаш ауданы әкімдігі арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі деуге болады. Бұл бастама – ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын жергілікті деңгейде нақты іске асырудың көрінісі.

Облыстық бюджеттен 257,1 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, арнайы техникалар сатып алынды. Атап айтқанда, көше жуу және тазалау құрылғыларымен жабдықталған 1 КАМАЗ автокөлігі, сондай-ақ шағын көлемді, үнемді әрі әмбебап сипатқа ие 11 дана Lovol-604 тракторы мен 11 тіркеме тапсырылды. Бұл техника ауыл-аймақтардағы тар көшелер мен алаңдарда, жылыжайлар мен мал фермаларында, сондай-ақ коммуналдық қызмет көрсетуге бағытталған өзге де нысандарда тиімді пайдалануға қолайлы.

Айта кету керек, соңғы екі жылда Түркістан облысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүздеген арнайы техника сатып алынған. Бұл техникалар экологиялық ахуалды жақсартуға, табиғатты қорғауға, сондай-ақ тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Солардың ішінде Сарыағаш ауданының үлесі артып келеді. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық округтер де бұл игіліктен тыс қалмайды. Жаңа техникалар ауылдық округтердің де санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрақты тазалық сақтауға үлес қоспақ. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.

Коммуналдық сала қызметкерлері үшін бұл үлкен көмек екені сөзсіз. Олар күнделікті еңбек арқылы аудан көшелерінің, қоғамдық орындардың және демалыс аймақтарының тазалығын сақтап келеді. Жаңа техникалар олардың жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттыратыны анық. Бұл бастама тек техникалық әлеуетті күшейту емес, сонымен қатар елді мекендердің келбетін көркейтуге, көше мәдениетін дамытуға бағытталған. Санитарлық тазалық – тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін маңызды шарттардың бірі.

Бүгінде Сарыағаш ауданында тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына бағытталған экологиялық тәрбие беру шаралары да белсенді жүргізіліп келеді. Тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинау, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру, тазалық күндерін ұйымдастыру – мұның бәрі қоршаған ортаны қорғауға қосылған үлес. Жаңа техникалармен жабдықталу бұл бастамаларға серпін берері сөзсіз.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тек тазалықты сақтау шарасы ғана емес, бұл – болашақ ұрпаққа таза орта қалдыру жолындағы жауапты миссия. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен бөлінген қаражат экология мен халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Сарыағаштағы бүгінгі бастама – осының нақты дәлелі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...