Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі бақылауға алынды

Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі бақылауға алынды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына кезекті жұмыс сапарымен барып, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстардың жай-күйін бақылауға алды. Өңір басшысы алдымен Шардара қаласының бас су торабындағы жағдаймен танысып, мамандармен кеңес өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ жаңа ұңғымалар қазу барысын көріп, су тапшылығының алдын алу мақсатындағы жұмыстарды көзбен шолып, орындалу барысын жіті назарда ұстады.

2025 жылғы 4 тамыздағы ресми мәліметтерге сәйкес, «Шардара» су қоймасындағы судың көлемі 401 млн текше метрді құрап отыр. Кіріс көлемі секундына 144 текше метрді, ал шығыс — 331 текше метрді құраған. Шардара қаласында 31 883 тұрғын бар, олардың ішінде 6520 абонент тіркелген. Қалада 85 көпқабатты үй (1687 пәтер) және 4833 жеке тұрғын үй орналасқан. Жалпы алғанда, су тасымалдау қызметін 85 көпқабатты үйдің 6 748 тұрғыны және 64 жеке үйдің 332 тұрғыны қажет етеді.

Су қоймасындағы судың азаюына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен Шардара қаласын ауыз сумен жедел қамтамасыз ету мақсатында іс-қимыл алгоритмі қабылданған болатын. Бұл алгоритм шеңберінде ауыз суға қатысты туындауы мүмкін тәуекелдерді басқару бойынша арнайы штаб құрылды. Бұл штаб қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтуды мақсат етіп отыр.

Аталған алгоритм аясында көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV ықшам аудан және «Асем-ай» ықшам аудандарында 28 дана, әрқайсысы 2 тонна көлеміндегі су жинау ыдыстары орнатылып, ішіне су толтырылды. Бұл су жинау ыдыстарын ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылған. Осы көліктер күніне бірнеше рет су көзіне барып, тұрғындарға қажетті суды жеткізумен айналысуда. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар жеке меншік 3 ұңғыма иелерімен және 15 су тасымалдау көлігінің иелерімен келіссөздер жүргізіліп, су бағасын көтермеу жөнінде ортақ мәміле жасалған. Осы арқылы тұрғындардың қосымша шығынға батпауына жағдай жасалды. Құдықтары бар үйлерге де су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Қаланың негізгі су торабының жұмысын тұрақтандыру мақсатында баламалы су көздерін қарастыру жұмыстары қатар жүргізілуде. Соның нәтижесінде жаңа ұңғымалар қазу қолға алынған. Қазіргі таңда бірінші ұңғымадан 84 метр тереңдікте су шыққан. Бұл жерде тік құбыр орнатылып, судың көзін ашу және оны жүйеге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал екінші ұңғыманың тереңдігі 30 метрге жеткен, бұл ұңғыманың қазу жұмыстары жалғасуда. Жаңа ұңғымалар толық іске қосылған жағдайда қала аумағындағы су тапшылығы мәселесі едәуір жеңілдейді деп күтілуде.

«Шардара» су қоймасындағы судың деңгейінің шамадан тыс төмендеуі бас су торабының І көтеріліміндегі сорғыға қажетті су көлемінің жетіспеушілігін тудырған. Осыған байланысты 630 текше метр су беруге арналған пантон үстіндегі насосты қосу туралы шешім қабылданған. Бұл жұмыс өңір басшысының бақылауымен жүргізіліп, аудан әкімі және жергілікті тұрғындардың белсенді қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл насос жүйесі іске қосылуға дайындық үстінде, бұл өз кезегінде су қысымын тұрақтандыруға және халықты үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Ауыз су мәселесіне қатысты барлық жауапты тұлғалар бекітіліп, олардың қызметі нақты бақылауда. Облыс әкімдігі мен аудан әкімдігі жағдайдың әр сағат сайынғы өзгерісін бақылауда ұстап отыр. Ауыз су тапшылығына байланысты барлық шаралар уақытылы қабылданып, іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, тұрғындар ауыз сумен қамтылуда.

Шардарадағы ауыз су мәселесі — жергілікті әкімдік пен облыс басшылығы үшін басым бағыттардың бірі. Қолға алынған шаралар тек уақытша шешім емес, жүйелі түрде су инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, Шардара қаласының және оған іргелес елді мекендердің тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...