Түркістан облысында инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл бағытта «TURAN» арнайы экономикалық аймағының рөлі ерекше. Аталған аймақтың қазіргі жағдайы мен болашақтағы дамуы бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда бірқатар маңызды тапсырмалар берілді. Өңір басшысы бұл аймақтың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Жер алып, бірақ жұмысын бастамаған тұлғалардан жер телімдері қайтарылатынын және тиісті айыппұл салу мәселесінің қаралатынын ескертіп, жобаларды уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты міндеттемелерді Мақтаарал, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларының әкімдеріне және тиісті басқарма басшыларына жүктеді.
Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықтағы мәліметтерге сәйкес, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 млрд теңгені құрайтын 221 жобаны қамтыған. Оның ішінде 253,9 млрд теңгеге бағаланған 39 жоба сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде 1353 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда жалпы құны 464,6 млрд теңгені құрайтын 137 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Бұған қоса, 34,1 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асып, қонақүйлер, туристік кешендер және сауда-ойын-сауық орталықтары халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Жобалардың құрылыс кезеңінде қосымша 11 236 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал осы жылдың соңына дейін құны 46,5 млрд теңге болатын, 1360 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 20 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы құны 104 млрд теңге болатын қосымша 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, өнеркәсіптік аймақтар газбен, электр қуатымен, сумен, кәріз жүйелерімен, қоршаумен және абаттандырумен қамтамасыз етілуде. Инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асырылуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аймақ әкімдігі бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретін болады.
«TURAN» АЭА аумағында тіркелген және ашылған ең ірі кәсіпорындар қатарында бірнеше маңызды өндіріс нысандарын атауға болады. Мәселен, «BASPOLYMER» ЖШС полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдары мен тамшылататын таспалар өндіретін ірі зауыт саналады. «QazEcoPack» ЖШС бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын — скотч, стрейч-пленка, полиэтилен және көпіршікті пленка өндірумен айналысады. «PSI Mineral Technologies» ЖШС тау-кен металлургия саласына арналған ауыр техника шығаратын зауытты іске қосқан. «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» ЖШС біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын өндіру зауытын жұмысқа қосты. Сондай-ақ «KZ_Unicol» ЖШС түрлі жарықтандыру құрылғыларына арналған сэндвич-панельдер шығарады. «ER-QAN GROUP» ЖШС бір реттік полиэтилен пакеттер мен пластик ыдыстар өндіретін кәсіпорын ретінде жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, жақын болашақта іске асырылатын жобалар да бар. Мәселен, «Silk Way International» ЖШС ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын салу үстінде. «Kazakhstan Lihua» ЖШС мақта агроөнеркәсіптік кешенін құрып, тоқыма өнімдерін толық циклде өндіруді көздеп отыр. «Qaz Natural Laminat» компаниясы ағаш пен тығыннан жасалған бұйымдарды, сабаннан және тоқыма материалдарынан тұрмыстық заттар өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденіп отыр. Жаңа жобалардың іске асуы өңір халқының әлеуметтік жағдайына оң әсер етіп, экономиканың нақты секторында өсімді қамтамасыз етуде. Айта кету керек, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 118%-ды құрап, Түркістан облысы республика көлемінде бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш — өңірдегі жүйелі жұмыстың және стратегиялық жобаларға қолдау көрсетудің айқын нәтижесі.

