Түркістан қаласында кәріз жүйелерінің құрылысы жаңа қарқын алды

Түркістан қаласында кәріз жүйелерінің құрылысы жаңа қарқын алды

Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың ішіндегі аса маңызды бағыттардың бірі – орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту. Соңғы жылдары бұл салада ауқымды жобалар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Аталған бастамалар халықтың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да айтарлықтай үлес қосуда.

Қазіргі таңда Түркістанның бірнеше секторында және шағын аудандарында кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Сауран және Шауғар секторлары мен Баянауыл шағын ауданында желілер мен насос станцияларының құрылысы қызу жүріп жатыр. Мәселен, Сауран секторында ұзындығы бірнеше шақырымды құрайтын кәріз жүйесі 83 көшені қамтып, 4 372 абонентке қызмет көрсетуі тиіс. Қазіргі кезде №2 кәріздік насос станциясында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң, сектор тұрғындары орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосылмақ.

Баянауыл шағын ауданында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мұнда 25 көшеге тартылатын кәріз желісі 2 103 абонентті қамтиды. Қазіргі уақытта Жангелдин көшесінде магистралдық құбырларды қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл құбырлар ауданның негізгі желісіне қосылып, сарқынды суды арнайы станцияларға жеткізетін болады.

Ал Шауғар мөлтек ауданында ұзындығы 99,9 шақырымды құрайтын кәріз желісін салу жоспарланған. Аталған желі іске қосылғанда 3 294 абонент орталықтандырылған жүйеге қосылады. Қазір Шала Бақсы және Семей көшелерінде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл аудандағы жұмыстар – қала көлеміндегі ең ірі жобалардың бірі ретінде бағалануда.

Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта Түркістан қаласы тұрғындарының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы жұмыс істеп тұр. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан 2025 жылы тағы 13 нысанда құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл станциялар толық іске қосылғанда, қаланың кәріз жүйесіне қосылу көрсеткіші едәуір артады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, кәріз жүйесінің дамуы – қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етудің басты жолы. Сонымен қатар бұл экологиялық қауіпсіздікті арттырып, жер асты суларының ластану қаупін азайтады. Түркістанның климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескерсек, кәріз инфрақұрылымын дамыту аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Бүгінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына да ерекше мән берілуде. Жергілікті билік құрылыс барысын тұрақты бақылап, мердігерлердің жауапкершілігін күшейткен. Апта сайынғы мониторингтер мен тексерулер нәтижесінде жобалардың сапалы әрі уақтылы аяқталуы қатаң қадағаланады. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдар мен ұсыныстар да назардан тыс қалмайды.

Түркістан қаласы – еліміздегі рухани орталық болуымен қатар, заманауи инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарға жайлы өмір сүру мүмкіндігін ұсынатын аймаққа айналуы тиіс. Осы орайда, кәріз жүйесінің кеңейтілуі – қала халқының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Қаланың түрлі секторларында іске асып жатқан бұл жобалар алдағы жылдары өз жемісін беріп, Түркістан толықтай орталықтандырылған инфрақұрылыммен қамтылған заманауи шаһарлардың қатарынан орын алады деген сенім бар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...