Түркістанда жалған ақпаратпен күрес — қоғамдық тұрақтылық кепілі

Түркістанда жалған ақпаратпен күрес — қоғамдық тұрақтылық кепілі

Бүгінде жалған ақпараттың таралуы қоғамның ақпараттық қауіпсіздігіне ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен ел бірлігіне де қатер төндіруде. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы шындыққа жанаспайтын, арандатушылық сипаттағы ақпараттардың таралуы — Түркістан қаласы тұрғындарының санасына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты қалада жалған ақпарат пен бұқаралық сананы манипуляциялауға қарсы бағытталған нақты шаралар қолға алынуда.

Түркістан қаласының әкімдігі, құқық қорғау органдары және Ішкі саясат бөлімі бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Жергілікті ақпараттық түсіндіру топтары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде, базарлар мен халық көп шоғырланған жерлерде арнайы кездесулер өткізуде. Мұндай іс-шаралар аясында жалған мәліметтердің таралу жолдары мен олардың салдары туралы нақты мысалдар келтіріліп, азаматтарға ақпаратты тек ресми дереккөздерден алу қажеттігі түсіндіріледі.

Кей жағдайларда әлеуметтік желілерде таралған жалған хабарламалар дүрбелең туғызып, қоғамдық сенімге селкеу түсіруі мүмкін. Осыны ескере отырып, прокуратура және полиция өкілдері тарапынан жалған ақпарат таратқандарға қатысты заң аясында жауапкершілік туралы кеңестер беріліп келеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қала тұрғындарының білуі аса маңызды.

Сондай-ақ Түркістан қаласында медиа сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы семинарлар мен тренингтер өткізіліп жатыр. Онда қатысушыларға жалған жаңалықты шынайы ақпараттан қалай ажыратуға болатыны, фактчекинг құралдарын қолдану, дереккөздерді тексеру әдістері үйретілуде. Бұл бастамалар әсіресе жастар мен студенттер үшін өзекті.

Мектептер мен колледждерде ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық мәдениет тақырыптары бойынша сынып сағаттары өтіп жатыр. Мұндай сабақтарда оқушыларға желідегі қауіптер мен саналы ақпарат тұтыну дағдылары үйретілуде. Сонымен қатар, балалардың интернеттегі уақытын шектеу және ата-аналарға арналған кеңестер де таратылуда.

Жалған ақпараттың салдарын бірден көру мүмкін болмағанымен, оның қоғамға әсері ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Түркістан қаласының тұрғындары үшін ақпараттық иммунитет қалыптастыру — басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Ең бастысы — әр азаматтың ақпаратқа жауапкершілікпен қарауы, жалған деректерге ермей, тексерілген мәліметке сенуі қажет.

Жалған ақпаратпен күрес тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір тұрғынның саналы әрекетін талап етеді. Қоғам болып бірігіп, ақпараттық тазалықты қамтамасыз еткенде ғана біз тұрақты әрі қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз. Түркістан қаласы бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыстарды жүргізіп келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...