Шымкент қаласының санитарлық тазалық жұмысшыларына лайықты құрмет көрсетілді

Шымкент қаласының санитарлық тазалық жұмысшыларына лайықты құрмет көрсетілді

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында Шымкент қаласында санитарлық тазалық саласының еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Осы мақсатта «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов Еңбекші ауданы әкімі аппаратының «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуге мекеме басшысы Нұрсұлтан Әділбеков пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақдаулет Әлішер қатысты. Іс-шара барысында кәсіподақ мүшелері мен еңбек адамдарына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Серік Әуесханов санитарлық тазалық жұмысшыларының қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға қосып отырған өлшеусіз үлесін ерекше атап өтіп, олардың тынымсыз еңбегі мен адалдығы – қала тіршілігінің тірегі екенін жеткізді.

Марапатталғандардың қатарында көп жылдан бері еңбек етіп, өз ісінің шебері атанған мамандар бар. Атап айтқанда:

  • «Еңбек озаты» төсбелгілерімен: Пірланов Өміртай Бекбайұлы, Үсіпбекова Анар Орынбасарқызы және Суворова Ольга Александровна;

  • «Құрмет грамоталарымен»: Бейсенбаева Алуа Нұрмаханбетқызы, Оразалиев Бекқали Таубайұлы, Құлниязова Ақнұр Күренбайқызы және Тұрабеков Жақыпбек Нұранұлы;

  • «Алғыс хаттармен»: Қарабалаев Рахымберды Жақсылықұлы, Дербісәлі Бақберген Серғалиұлы, Төлен Ақсұлтан Рысқазыұлы және Бидайбек Ерболат Талғатұлы марапатталды.

Бұл марапаттар олардың күнделікті күрделі еңбегін мойындап, қоғамның көзқарасын оң бағытқа өзгертуді көздейді. Санитарлық тазалық – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Ауа райының қандай жағдайында болмасын, күнделікті жұмысқа ерте кірісіп, қаланы таза ұстау – әрбір жұмысшының кәсіби жауапкершілігінің айғағы.

Кәсіподақ ұйымының өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер мәселелеріне де назар аударып, жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы өз рөлдерін атап өтті. Олар мекеме қызметкерлеріне еңбек заңнамасы, техникалық қауіпсіздік, еңбек қатынастарын реттеу бойынша да кеңестер беріп, кәсіподақтың артықшылықтарын түсіндірді.

Осындай кездесулер мен марапаттау рәсімдері еңбек адамының беделін көтеріп, қызметкерлердің моральдық рухын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл – қала әкімдігі мен кәсіподақ арасындағы өзара ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Ұжымдық рухты нығайту және қызметкерлердің адал еңбегін бағалау – еңбек өнімділігін арттырудың басты тетіктерінің бірі.

Шара соңында барлық марапат иелеріне естелік суреттер жасалып, ыстық лебіздер айтылды. Бұл кездесу санитарлық тазалық қызметкерлерінің еңбегіне қоғам назарын аудартуға мүмкіндік берді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...