Шымкент қаласында жұмыссыз тұрғындарды еңбек нарығына тарту және жұмыс берушілермен тікелей байланысты күшейту мақсатында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шараны Еңбек мобильділігі орталығы мен “AMANAT” партиясының қалалық филиалы бірлесе өткізді. Жәрмеңке барысында түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтар – жұмыссыздар, пробация қызметінде есепте тұрғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар және жұмыс іздеуші жастар өз мамандықтарына сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік алды.
Аталған іс-шараға 25 жұмыс беруші мекеме қатысып, тұрақты әрі уақытша негізде бос жұмыс орындарын ұсынды. Қала тұрғындары әр мекеме ұсынған бос орындармен танысып, өздерін қызықтырған жұмыс бойынша сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Қалалық “AMANAT” партиясы филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов жәрмеңке аясында ұсынылған жұмыстармен танысып, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Жәрмеңке аясында үш негізгі бағыт бойынша кең ауқымды жұмыс ұсыныстары берілді:
-
Тұрақты жұмыс орындары бойынша: 280 мекеме 726 мамандық аясында 1537 бос орынды ұсынды. Бұл – әртүрлі саланы қамтитын нақты жұмыс бағыттары.
-
«Жастар практикасы» бағдарламасы аясында: 635 мекеме 1007 мамандық бойынша 1820 орын бөлді. Бұл бағыт – тәжірибесі жоқ жастар үшін еңбек жолын бастаудың тиімді мүмкіндігі.
-
«Күміс жас» жобасы аясында: зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті азаматтар үшін 272 мекеме 332 мамандық бойынша 555 жұмыс орнын ұсынды.
-
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша: 230 мекеме 324 мамандыққа сай 597 орын ұсынды. Бұл – еңбек жолын енді бастап келе жатқан жастарға арналған бағыт.
Жәрмеңкеге келген 100-ге жуық азамат жұмыс берушілермен жеке сұхбаттасып, кәсіби кеңестер алды. Олардың ішінде 15-і – мүмкіндігі шектеулі жандар, 22-сі – пробация қызметінің есебіндегі азаматтар. Жәрмеңке нәтижесінде 24 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алып, жаңа еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды.
Бұл бастама – еңбек нарығындағы теңсіздікті азайтуға, халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған тиімді құрал. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жастар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілуі – қоғамда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің жарқын үлгісі.
Осындай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бұл – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін бастама. Шымкент қаласында еңбекке қабілетті әрбір адам үшін жұмыс табуға нақты мүмкіндік бар екенін дәлелдейтін мысалдардың бірі де осы жәрмеңке болды.

