Қоғамдық кеңес отырысында айтылған өзекті мәселелер мен есептер

Қоғамдық кеңес отырысында айтылған өзекті мәселелер мен есептер

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Кеңес төрағасы Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов жүргізген басқосуға кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырыста қаладағы бірнеше негізгі салалар бойынша есептер тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.

Алдымен кеңес құрамына жаңа мүше – Артур Дрейлинг қабылданып, оның кандидатурасы ресми түрде бекітілді. Бұл шешім Қоғамдық кеңестің құрамын жаңғырту мен қоғамдық пікірді барынша кең қамтуға бағытталған қадам ретінде бағаланды.

Жиында Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек пен Қаратау ауданының әкімі А.Абаев халықпен байланыс, аумақты абаттандыру, аяқ жолдардың жағдайы секілді нақты мәселелер бойынша баяндама жасады. Екі аудан әкімдері де тұрғындармен жүйелі түрде кері байланыс орнатып отырғанын, инфрақұрылымдық мәселелердің кезең-кезеңімен шешім табатынын жеткізді.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Р.Әліш өз баяндамасында мекеменің негізгі міндеттері – лицензиялау, мемлекеттік бақылау, білім сапасына мониторинг жүргізу және балалардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті. Департаментте бар болғаны сегіз қызметкер жұмыс істесе де, олар жыл бойы ауқымды міндеттерді атқарған. Бұл мекеменің жүктемесінің жоғары екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлік пен индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Азимбердиевтің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесіне қарай қалада 798 белсенді кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 18-і – ірі, 43-і – орта, ал 737-сі – шағын бизнес субъектілері. Өңдеу өнеркәсібінде 696 кәсіпорын белсенді еңбек етуде. 2025 жылдың қаңтар-шілде аралығында қалада 812,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8%-ға артық көрсеткіш болған.

Кеңес мүшелері баяндамашыларға нақты сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. Әсіресе, халықпен кері байланысты күшейту, қаланың әр ауданында инфрақұрылым сапасын арттыру және мемлекеттік бақылау тиімділігін жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қоғамдық кеңес төрағасы жиынды қорытындылай келе, көтерілген барлық мәселелердің қоғамдық бақылауда болатынын және орындалуы бойынша тұрақты есеп алынатынын атап өтті. Бұл отырыс жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалог алаңы ретінде тиімді жұмыс істеп отырғанын көрсетті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...