Қауіпсіздік пен тәртіп – басты міндет

Қауіпсіздік пен тәртіп – басты міндет

Теміржол – еліміздің көлік жүйесіндегі маңызды сала. Ол ел экономикасының күретамыры, өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар мыңдаған қызметкердің адал еңбегімен дамып отырған жүйе. Осындай жауапты салада аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі – Токсеитов Аянхан Алпысханұлы.

Аянхан Алпысханұлы 1991 жылдың 19 наурызында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазығұрт станциясында маневр диспетчері лауазымында қызмет атқарады. Бұл – жоғары жауапкершілік жүктейтін, бір сәтке де қателікке жол бермейтін аса маңызды қызмет. Себебі пойыз қозғалысын үйлестіру, бағыттарды дәл белгілеу, вагондарды жүк және жолаушылар құрамына дұрыс тіркеу, барлық маневрлік жұмыстардың қауіпсіздігіне кепіл болу – осы маманның күнделікті жұмысындағы міндеттері.

Аянхан – өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, тәртіп пен тиянақтылықты басты қағида еткен маман. Ол жыл сайын біліктілігін арттырып, теміржол саласындағы өзгерістер мен жаңа технологияларды меңгеруге күш салып келеді. Маневр диспетчері қызметінде жұмыс істей жүріп, теміржол қауіпсіздігі бойынша түрлі оқыту курстарынан өткен, кәсіби стандарттар мен техникалық ережелерді терең меңгерген. Бұл оның жұмысының сапасын арттырып, апатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Жас бола тұра, Аянхан әріптестері арасында зор құрметке ие. Ұжымдастарымен сыпайы қарым-қатынас орната біледі, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Ол кез келген тапсырманы дәл әрі уақытында орындаумен танылған. Қызметтік міндетінен бөлек, теміржолшылар арасында өтетін спорттық және мәдени шараларға да белсенді қатысып жүр. Мұндай жан-жақты азаматтар ұжымда да, қоғамда да үлкен сый-құрметке лайық.

Теміржолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – бір ғана техникалық қадағалауға емес, осындай білікті, ұқыпты және ынталы мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Аянханның жұмысында ұқыптылық пен жүйелілік ерекше байқалады. Ол күнделікті атқарып жүрген маневрлік бағыттарды үйлестіру кезінде ешбір кідіріссіз әрекет етіп, пойыз қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етіп отыр.

Мемлекетімізде көлік инфрақұрылымының дамуы – ұлттық басымдықтардың бірі. Бұл бағытта сапалы қызмет пен кәсіби мамандардың рөлі зор. Аянхан Алпысханұлы сияқты теміржолшылар – ел экономикасының тынысын ашатын маңызды тетіктің иелері. Олардың қажырлы еңбегі арқасында халық дер кезінде діттеген жеріне жетіп, тауарлар межелі мекенге қауіпсіз жеткізіледі.

Қорыта айтқанда, Аянхан – теміржол саласының болашағына үлес қосып жүрген, білімді де білікті маман. Оның еңбегі – жас буынға үлгі, кәсіби адалдықтың жарқын көрінісі. Осындай азаматтар арқылы еліміздің көлік жүйесі дамып, халықтың өмір сапасы арта бермек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...