Жұмыспен қамту – тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі

Жұмыспен қамту – тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі

Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту саясаты ерекше маңызға ие. Бұл бағытта мемлекет пен жергілікті билік бірлесе отырып, кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Негізгі мақсат – әрбір азаматтың еңбек ету құқығын қамтамасыз етіп, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне жағдай жасау. Соңғы жылдары қолға алынған ұлттық жобалар мен аймақтық бастамалар оң нәтижесін беріп отыр.

Жұмыссыздықты азайту бағытында қалада жыл сайын бірнеше мың адам жұмысқа орналасады. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы ұсынылатын бос жұмыс орындарының саны да артып келеді. Көптеген азаматтар тұрақты және уақытша жұмыс табумен қатар, кәсіптік оқуға, қайта даярлық курстарына қатысып, жаңа мамандық иесі атанып жатыр. Бұл – еңбек нарығындағы бейімделуді жеңілдететін маңызды құрал.

Шымкентте жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны» сияқты жобалар азаматтардың өмірінде нақты өзгеріс жасауда. Мысалы, «Жастар практикасы» аясында колледж және жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастар өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинап, еңбек нарығына сенімді қадам жасайды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы аналарға, зейнет жасына жақындаған азаматтарға да арнайы бағытталған бағдарламалар бар. Олар арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары қоғам өміріне белсене араласып, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар мен кәсіпкерлік курстардың көмегімен бұл азаматтар еңбекке белсенді тартылуда.

Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрғындар үшін тиімді алаңға айналды. Мұнда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер бетпе-бет кездесіп, нақты келісімдер жасайды. Әсіресе шағынаудандар мен тұрғын алаптарда өткізілетін көшпелі жәрмеңкелер шалғайда тұратын азаматтардың да еңбекке араласуына жол ашты.

Цифрлық шешімдер де кеңінен қолданылуда. Enbek.kz электронды порталы арқылы азаматтар жұмыс іздеп, түйіндеме толтырып, түрлі кәсіптік курстарға жазылып жатыр. Бұл – уақыт үнемдеу мен қызметтің қолжетімділігін арттырудың жолы. Сонымен бірге, портал арқылы еңбек шарттарын электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.

Жұмыспен қамту саласындағы жүйелі жұмыс – Шымкент қаласының экономикалық дамуының маңызды факторы. Әрбір тұрғынның еңбекке араласуы, табыс табуы және өзін-өзі қамтамасыз етуі қоғамдағы тұрақтылық пен берекенің кепілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...