Ауыз су – тіршілік көзі: Түркістан облысында халықты таза сумен қамту жалғасуда

Ауыз су – тіршілік көзі: Түркістан облысында халықты таза сумен қамту жалғасуда

Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басты бағытына айналды. Бұл мәселе облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін ел халқының 100 пайызын таза ауыз сумен қамту міндеті қойылған. Осыған байланысты Түркістан өңірінде бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Облыстағы қалаларда 542 мыңға жуық тұрғын толығымен ауыз сумен қамтылған. Ал 756 ауылдық елді мекеннің 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Дегенмен, бұл салада шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Атап айтқанда, ауыз судың сапасына, үздіксіз берілуіне, инфрақұрылымдардың тозуына және кейбір шалғай ауылдарда судың мүлдем болмауына қатысты проблемалар туындап отыр. Осыған орай жергілікті билік уақытша балама шешімдер ұсынып, су жеткізу жұмыстарын кестеге сәйкес ұйымдастырып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сәйкес, Шардара ауданында ескі су тазарту нысандарының тозуы халықты жаз мезгілінде үздіксіз сумен қамтуға кедергі келтіруде. Бұл жағдайды тұрақтандыру үшін құны 16,9 миллиард теңгеге бағаланған «Шардара топтық су құбыры» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай ірі жобалар тек жергілікті мәселені шешіп қана қоймай, бүкіл облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сарыағаш қаласында да ұқсас жағдай қалыптасқан. Халық санының көбеюі және жаз айларында судың ағын су ретінде қолданылуы «Қапланбек» су тазарту станциясының қуатын жеткіліксіз етуде. Бұл жағдайға жауап ретінде Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы басталды. Сонымен қатар жаңа су тазарту станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңірдің ауыз су жүйесіне түсетін жүктеме едәуір жеңілдейді.

Биыл облыс көлемінде жалпы 66 су нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларға республикалық және жергілікті бюджеттен 45,8 миллиард теңге бөлінген. Облыс басшысы бөлінген қаражатты тиімді әрі дер кезінде игеруді жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырды. Жыл соңына дейін 30 елді мекенде су жүйесінің құрылысы аяқталып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуы тиіс. Бұл мақсатта 19,7 миллиард теңге қарастырылып, тиісті мердігер компаниялармен келісімшарттар жасалған.

Облыстағы 192 ауылдық елді мекенде ауыз су кестемен беріледі. Бұл елді мекендерде су жүйелерінің ескіргені, жер асты суларының деңгейі төмендегені, тазарту қондырғыларының қуаты жеткіліксіз екені байқалады. Бұдан бөлек, суды тиімсіз тұтыну да мәселені ушықтыруда. Мысалы, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында тартылған су жүйелері қараусыз қалып, кейбір жабдықтар ұрланған. Бұл жағдай тек инфрақұрылым мәселесі емес, тұрғындардың суға деген жауапкершілігі мен ортақ мүлікке деген көзқарасы жайлы ойландырады.

Мемлекеттік деңгейдегі мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін тек орталықтан қаржы бөліп, жобалар қабылдап қана қою жеткіліксіз. Бұл – жүйелі бақылау, тиімді басқару және халықтың өзара ынтымақтастығын талап ететін күрделі процесс. Түркістан облысы осы бағытта нақты әрі жоспарлы жұмыстар атқарып келеді. Ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы ілгерілеу облыс халқының өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге билік те, халық та жауапкершілікпен қарап, бірлесіп әрекет етуі қажет.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында бірқатар жаңа...

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...