Қазақстан халықаралық деңгейде жерді қорғау және қалпына келтіру тәжірибесін таныстырды

Қазақстан халықаралық деңгейде жерді қорғау және қалпына келтіру тәжірибесін таныстырды

Қазақстан Ташкентте өткен халықаралық іс-шарада жер ресурстарын басқару жүйесін реформалау, топырақты қорғау және деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесін таныстырды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Green University базасында ұйымдастырылған  іс-шараға Орталық Азияның алты елі мен Арменияның өкілдері, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ), БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының сарапшылары, сондай-ақ бейінді халықаралық ұйымдардың мамандары қатысты.

Кездесудің негізгі күн тәртібі жер деградациясының бейтарап балансына қол жеткізу, аумақтарды кешенді жоспарлау және жерді тұрақты пайдалану мәселелеріне арналды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің өкілдері жер қорын мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, жерді пайдалану мен қорғауға бақылауды күшейту, цифрлық құралдарды енгізу және заңнаманы жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы баяндады.

Реформаның маңызды бағыттарының бірі – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бері 15,7 млн гектар жер қайтарылды. Оның 13,5 млн гектары халықтың қажеттіліктері үшін қайта бөлінді. Бұл жұмыстар жерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға және оны тиімді пайдалануға дайын азаматтардың жер учаскелеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.

Жерді ұтымды пайдаланудың маңызды шарттарының бірі – топырақтың жай-күйі туралы нақты әрі сенімді ақпараттың болуы. Осыған байланысты министрлік жер деградациясы карталарын жаңарту бойынша ауқымды шаралар жүргізуде. Былтыр зерттеу және басқа да тиісті іс қимылдар 53,5 млн гектар аумақты қамтыса, биыл бұл көрсеткіш 60,5 млн гектарға жетті. Екі жылда зерттеу жұмыстары ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы 114 млн гектарын қамтыды.

Сонымен қатар саланың цифрлық инфрақұрылымы дамытылуда. JerInSpectr ақпараттық жүйесі негізінде кадастрлық мәліметтерді, зерттеу нәтижелерін және мемлекеттік мониторинг деректерін біріктіретін жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптастырылуда. Бұл жер қатынастарының ашықтығын арттыруға, бақылау сапасын жақсартуға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтуге жол ашады.

Баяндамада жерді қорғаудың заңнамалық негіздерін жетілдіруге көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Топырақты қорғау туралы» Заңы таныстырылды. Құжат топырақ деградациясының алдын алу және оның құнарлылығын сақтау тетіктерін бекітеді. Сондай-ақ топырақты қорғау жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлеу, агрохимиялық деректердің бірыңғай ақпараттық банкін қалыптастыру және ауыл шаруашылығы жерлеріне паспорт әзірлеу шараларын көздейді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясындағы міндеттемелерін орындау шеңберінде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп әзірленіп жатқан PRAIS-5 ұлттық баяндамасының дайындық барысы таныстырылды.

Алдағы уақытта жердің жай-күйін бағалау мен мониторинг жүргізуден деградацияға ұшыраған аумақтарды нақты қалпына келтіру жұмыстарына көшу. Бұл тәсіл өзекті кеңістіктік деректерді пайдалануды, ғылыми негізделген шешімдер қабылдауды және жер пайдалануды кешенді жоспарлауды көздейді.

Тренинг аясында қатысушылар ұлттық тәжірибелерімен бөлісіп, жердің жай-күйін бағалау, кеңістіктік жоспарлау, мониторинг жүргізу және деградацияға ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру мәселелері бойынша сараптамалық пікірталастар мен тәжірибелік сабақтарға қатысты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістанда өнеркәсіпті дамыту және шетелдік инвестицияларды тарту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асырылуда. «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында...