Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев Шымкентке жұмыс сапарымен барып, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен және бизнес-қоғамдастықпен кездесті, сондай-ақ қаланың индустриялық аймақтарындағы бірқатар жетекші кәсіпорынды аралады.
Шымкент әкімдігінде стратегиялық диалог
Жұмыс күні Шымкент әкімдігіне барудан басталды. Атамекен басшысы қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен, оның орынбасарларымен және бейінді басқарма жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлік ортаны дамытудағы өзекті сын-қатерлер мен басымдықтар, инвестиция тарту мәселелері және бизнесті қолдаудың институционалдық тетіктерін жетілдіру бағыттары талқыланды.
«Шымкент – Қазақстандағы ірі индустриялық және кәсіпкерлік орталықтардың бірі. Жергілікті бизнестің қарқыны мен іскерлік белсенділігі бүкіл оңтүстік өңірдің экономикасына серпін беріп отыр. Сондықтан біздің міндет – проблемаларды жай ғана тіркеу емес, оларды қалалық билік пен бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жүйелі түрде шешу», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Қаратау ауданы әкімі аппараты ғимаратында өткен кеңейтілген кездесуде кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылым, қаржыландыруға қолжетімділік және цифрландыру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді. Әкімшілік кедергілерді азайту және мегаполис экономикасындағы бизнестің рөлін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Шымкент қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Шымкент қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасы – кәсіпкерлікті дамытудың негізгі институционалдық серіктесі. Палатаның штаттық саны – 28 қызметкер. Палатаны Сабира Адамбекова басқарады, ал Өңірлік кеңес 24 мүшеден тұрады, оның төрағасы – Қайрат Молдасейітов. Кеңес құрамына ірі, орта және шағын бизнес өкілдері кіреді.
Палата өңірдің институционалдық тетіктеріне белсенді қатысады. Оның өкілдері жергілікті атқарушы органдар мен даму институттары жанындағы 29 консультативтік-кеңесші орган құрамына кіреді, сонымен бірге онда 9 салалық кеңес (агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі, құрылыс, медицина, білім беру, өңдеуші және жеңіл өнеркәсіп, туризм және креативті индустрия, сауда және қызмет көрсету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңес) және Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Бизнесті жүйелі қолдау: басым бағыттар мен даму жолдары
Шымкент кәсіпкерлерімен өткен кеңейтілген кездесуде жаңартылған «Атамекеннің» негізгі жұмыс бағыттары айқындалды.
Бизнесті дамытуға бағдарланған реттеуші орта
Ұлттық палата кәсіпкерлер қызметіне кедергі келтіретін артық нормалар мен қайшылықтарды анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, нормативтік-құқықтық актілерге кешенді ревизия жүргізуді бастамашылық етуде.
Практикалық мәселелерді шешу
Тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ету, жер учаскелерін алу рәсімдерін жеңілдету және инфрақұрылымға қосылу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
«Егер ережелер жұмыс істеуге кедергі келтірсе, оларды өзгерту қажет», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Қолжетімді қаржыландыру

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірлесіп «Іскер Аймақ» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама нақты өндірістік жобаларды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнімдерін өндіру және басқа да бағыттар қамтылған. Қаржыландыру мөлшерлемесі – 13,2%, несие сомасының ең жоғары мөлшері – 200 миллион теңгеге дейін, ал ел бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 400 миллиард теңгеден асады.
«Біз дайын шешіммен келген жоқпыз. Ең алдымен, мен сіздерді – бизнес өкілдерін тыңдауға келдім. Әрбір пікіріңіз 1 сәуірге дейін дайындалуға тиіс жаңа ұсыныстар топтамасын әзірлеу барысында ескерілетін болады», – деді Қанат Шарлапаев.
Негізгі өндірістік нысандарды аралау
Жұмыс сапары аясында Атамекен басшысы Шымкенттегі бірқатар жетекші кәсіпорынды аралады:
«Бал Текстиль» ЖШС – кілем өндіретін заманауи кәсіпорын, қаланың жеңіл және өңдеуші өнеркәсібінің әлеуетін айқындайды;
«Химфарм» АҚ – жоғары технологиялық өндірісі және экспорттық мүмкіндігі бар фармацевтикалық зауыт;
«Alsera kz» ЖШС – агроөнеркәсіп секторына бағытталған және жергілікті экологиялық таза өнім өндіретін жылыжай кешені.
Бұл кәсіпорындар – технологиялық жаңашылдық, инновация және экспортқа бағдарлану арқылы инвестициялық жобаларды табысты іске асырудың үлгісі.

Цифрландыру және өнімділікті арттыру
Қанат Шарлапаев мегаполис жағдайында цифрлық шешімдерсіз бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін еместігін атап өтті:
«Автоматтандыру мен цифрлық талдау – шығындарды азайтып, тиімділікті арттырудың негізгі құралдары. Біз мұндай шешімдерді енгізуге қолдау көрсетуге дайынбыз».
Қорытынды
«Шымкент – кәсіпкерлер, өнеркәсіп және инвестициялар үшін мүмкіндіктер қаласы. Бүгінгі кездесулер бизнес, билік және қолдау институттарының бірлескен жұмысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға және оңтүстік өңірдің экономикасын нығайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті», – деп атап өтті ҰКП Төралқа төрағасы.
Жұмыс сапары «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлер бастамаларын қолдауға, алдын ала әрекет етуге және Шымкенттің бизнес-ортасын жүйелі дамытуға дайын екенін көрсетті.

