Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін таныстырды. Жиында депутаттар платформаның мүмкіндіктерін талқылап, аграрлық саланы цифрландыру мәселелеріне көңіл бөлді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығын цифрландыру елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Канафин жаңа цифрлық экожүйенің таныстырылымын жасап, Digital Agro Platform платформасын дамыту аясында салалық деректерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық қор құру көзделгендігін атап өтті. Онда мемлекеттік қолдау шаралары, мал және өсімдік шаруашылығы, жер ресурстары, балық шаруашылығы мен смарт-фермаларға қатысты мәліметтер жинақталады.
Платформаның негізгі тетіктерінің бірі – фермердің цифрлық профилі. Ол шаруаларға қажетті ақпарат пен қызметтерге, соның ішінде мобильді құрылғылар арқылы да қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Талқылау барысында депутаттар жүйені іс жүзінде енгізу тетіктері мен оны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің күнделікті жұмысында қолдану жолдарына қатысты сұрақтар қойды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтар туралы деректерді жүйеге біріктіру мүмкіндігі сөз болды.
Сондай-ақ шетелден әкелінетін химиялық заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, аграрлық саланы цифрландыруға бөлінетін қаржының жеткіліктілігі және субсидиялау қағидаларына енгізілуі мүмкін өзгерістер мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жобаны іске асыру 2028 жылға дейін жоспарланып отырғандықтан депутаттар оны кезең-кезеңімен енгізу тәртібін, цифрлық қызметтерді іске қосу мерзімдерін және күтілетін нәтижелерді жан-жақты пысықтау қажеттігін атап өтті.
Жиынға Құрылтайдың цифрландыру, инновациялар және ғылым, экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика мәселелері жөніндегі комитеттерінің депутаттары, сондай-ақ
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері қатысты.
Талқылау соңында депутаттар «е-АӨК» цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын алға тартты.


