Alem Tech Fest 2026: Қазақстанның робототехника бойынша ұлттық құрамасы жасақталды

Alem Tech Fest 2026: Қазақстанның робототехника бойынша ұлттық құрамасы жасақталды

Астанадағы Халықаралық көрме орталығы EXPO алаңында Орталық Азиядағы робототехника және STEM-технологиялар саласындағы ең ірі фестиваль — Alem Tech Fest 2026 өз мәресіне жетті. Ауқымды іс-шара Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтен келген 5 000-нан астам оқушыны біріктірді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Фестиваль ұйымдастырушылары — ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, USTEM Foundation қоғамдық қоры, ҚР Оқу-ағарту министрлігі («Дарын» РҒПО), Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (Smart Sarbaz). Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.

Фестивальдің басты оқиғасы — Central Asia FIRST Championship турнирі болды. Нәтижесінде елдің ең үздік 50 командасы анықталды. Барлық командалар ақшалай сыйлықтар мен гранттарға ие болды. Жолдамалар келесідей бөлінді: 16 үздік команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалына қатысу үшін ұлттық құрама құрамына енді. Қалған командалар Солтүстік Америка, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық турнирлерде Қазақстан намысын қорғайды.

Марапаттау рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жоғары басшылығы қатысты.

Цифрлық даму бағытын үйлестіретін ведомство басшысы жастардың инженерлік әлеуетіне жоғары баға берді:

«Бұл фестиваль Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялық таланттар хабына айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бүгін біз жай ғана конструктор құрастырып жүрген оқушыларды емес, болашақ инженерлер мен жасанды интеллект архитекторларын көріп отырмыз. Робототехниканы дамыту — еліміздің цифрлық трансформациясының негізі. Біз мұндай бастамаларды қолдауды жалғастырамыз, өйткені дәл осы жас буын өнеркәсіп пен мемлекеттік басқару саласына озық технологияларды енгізіп, жаһандық нарықта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті ол.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов фестиваль қорытындысын шығара отырып, жастар инновацияларын қолдаудың стратегиялық маңызын атап өтті:

«Бұл фестивальді қолдай отырып, біз тек жарысқа емес, инновациялар экожүйесіне — адамдарға, идеяларға және болашақта экономиканың нақты секторына енгізілуі мүмкін практикалық шешімдерге инвестиция салып отырмыз. Біз үшін уақыт талабына сай болу және Қазақстанның цифрлық экономикасын қалыптастыра алатын жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге арналған алаң құру маңызды. Осы жастарды біз ірі кәсіпорындарымыздың болашақ кадрлық резерві ретінде көреміз. Олардың бүгінгі жетістігі — ертеңгі технологиялық егемендіктің кепілі».

Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы (FIRST Championship 2026, Хьюстон, АҚШ)

FIRST LEGO League Explore (кіші санат):

1. Alem Innovators

FIRST LEGO League Challenge (орта санат):

1. FIZTEX
2. ToleBi Daryn
3. Tidal Tumble

FIRST Tech Challenge (жоғары санат):
1. JelToqSun
2. TGJ
3. xCeption
4. SANA
5 KAP
6. Panheya
7. OVERTIME
8. Nomadic.Dragons.FTC
9. FIZMAT ROBOTICS
10. FoxSlide
11. MLP
12. Celestial

FIRST чемпионатынан бөлек, фестиваль аясында Alem Drone League, RoboCup Soccer, Physical AI Championship, RoboCup Rescue және Battle of Bots бағыттары бойынша жарыстар өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ташкент, 2026 жылғы 13 ақпан – Өзбекстан астанасында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетика министрлерінің үшжақты кездесуі, сондай-ақ үш...