«Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесі өтті

«Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесі өтті

14 ақпанда Астанадағы ҚР Президенттік орталығында «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» атты көрме өтті. Көрме 2025 жылы еліміздің түрлі өңірлерінде жүргізілген далалық археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған бірегей жәдігерлер мен ғылыми жаңалықтарды кең жұртшылыққа таныстыруға арналды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Көрмені ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және ҚР Президенттік орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Экспозиция тас дәуірінен бастап ортағасырларға дейінгі кең хронологиялық кезеңді қамтып, Қазақстанның көне тарихын жаңа ғылыми деректер негізінде пайымдауға мүмкіндік берді.

Экспозицияның айрықша мәнге ие бөлігінің бірі Сауысқандық пен Арпаөзен петроглифтеріне арналды. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразиядағы петроглифтер ең көп шоғырланған орындардың бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи суреттер сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі», – деп жоғары баға берген болатын.

Тас дәуірі бөлімінде Жетісудағы ерте палеолитке тән «Тянь-Шань ориньягы» мәдениеті мен Ертіс бойындағы «Шідерті мәдениеті» секілді ірі ғылыми жаңалықтар таныстырылды. 2025 жылы беделді L’Anthropologie журналының арнайы саны Қазақстанның көне тарихына арналуы – отандық зерттеулердің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы болды. Тайсойған құмынан табылған энеолит дәуірінің бірегей жерлеу кешенінің жәдігерлері алғаш рет көрсетілді.

Қола дәуірі бөлімінде Ақмая мен Талдысай қоныстарынан табылған мыс қождары мен руда қалдықтары Сарыарқаның көне металлургия орталығы болғанын дәлелдеді. Сондай-ақ Ақбауыр, Бетегелі, Балқан, Таранғұл, Қосағалы 1 және Бағаналы ескерткіштерінен алынған жаңа деректер ұсынылды.

Сақ-сармат дәуірі бөлімінде алтын әшекейлер, «сармат олжалары», қару-жарақтар мен қалалық мәдениетті айғақтайтын Шірікрабат, Жетіасар, Бәбішмола, Күлтөбе, Мыңтөбе жәдігерлері қойылды. Сақ және сармат жауынгерлерінің ғылыми реконструкциялары көрме мазмұнын толықтырды.

Ортағасыр бөлімінде қимақ, оғыз, Алтын Орда кезеңдеріне қатысты артефактілер және Жанкент, Сығанақ, Ордазы, Қышқала қалаларынан табылған бұйымдар ұсынылды. Қарақаба негізінде жасалған қимақ жауынгерінің бейнесі ерекше назар аудартты.

Сондай-ақ көрме аясында бейнематериалдар, 3D реконструкциялар мен цифрлық модельдер ұсынылып, Археология институтының ғылыми басылымдары таныстырылды. Көрме ұлттық мұраны заманауи форматта насихаттаудың маңызды алаңына айналды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мәжіліс депутаты жаңа Конституция жобасындағы кіріспеде алғаш рет білім мен ғылым, инновацияға қатысты норма көрсетілгенін айтты. Ата Заңда аталған саланы...

«Референдум–2026» онлайн-марафоны барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, ҚР Әділет министрлігінің...

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында алғаш рет мемлекет тарапынан еріктілікті қолдау нормасын бекіту ұсынылды. Тиісті түзетулерді ҚР Парламенті Мәжілісінің...