Абай облысында су тасқыны қаупі бар учаскелер мен гидротехникалық құрылыстарға аэровизуалды тексеру жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің басшылығымен құрылған жұмыс тобы ТЖД, Ертіс бассейндік су инспекциясы және «Қазгидромет» өкілдерімен бірлесіп, Ертіс және Оба өзендерінің арналарын, қар қорын және су шаруашылығы нысандарының жай-күйін бағалады. Тексеру қорытындысы бойынша гидрологиялық ахуалдың тұрақты екені және Шүлбі ГЭС-тің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді. Сонымен қатар су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және өңірдегі барлық жұмылдырылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіру мақсатында қосымша алдын алу шаралары айқындалды.
Ақмола облысында 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында өтіп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы аясында Көкшетау қаласында сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға ТЖД қызметкерлері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары және волонтерлер қатысты. Қатысушылар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын үйлердің ауласындағы қарды тазалауға көмектесті, сондай-ақ қаптарды инертті материалдармен толтыру жұмыстарына атсалысты. Жалпы 60 зейнеткерге, 30 көпбалалы отбасыға және 57 жалғыз тұратын азаматқа көмек көрсетілді. Жұмыстар 403 аулада жүргізіліп, 1138 адам қамтылды, оларға қауіпсіздік шаралары бойынша 583 ұсыным табысталды. Қыс мезгілінің басынан бері жергілікті атқарушы органдар 979 мың текше метр қар шығарды, жалпы көлемі 20 316 мың тоннаны құрайтын 225 400 қап инертті материал дайындалды. Жұмыстарды жедел жүргізу үшін тиегіш пен самосвал сияқты арнайы техникалар пайдаланылды.
Шығыс Қазақстан облысында су қоймаларын тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті органдар 258 мыңнан астам текше метр қар шығарды. Су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету үшін облыста жеке құрамнан 3677 адам, 234 мотопомпа, 75 жүзу құралы және 500-ден астам бірлік техникадан құралған күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Сондай-ақ 58,7 мың қап, 9957 тонна инертті материал және 386 тонна жанар-жағар май қоры дайындалды. ШҚО ТЖД тұрғындарға көктемгі кезеңге алдын ала дайындалуды ұсынады: аула аумақтарын қардан тазалау, арықтар мен еңістіктерді мұздан тазарту арқылы еріген судың ағуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құм салынған қаптар мен инертті материалдарды дайындау.
Жетісу облысында су тасқынының алдын алу мақсатында инженерлік іс-шаралар кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы жоспарланған 26 жобаның 24-і толық орындалды: 3 км қорғаныш бөгеттер салынды және жөнделді, 14,8 км су ағызу каналдары мен арықтар қазылды, 11 км өзен арналары мен каналдар тазартылды, 13 км учаскеде өзен арнасының түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Қалған жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Өңірдегі гидрологиялық ахуал тұрақты, су деңгейі орташа көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес, мұз кептелістері тіркелген жоқ. Жеке құрамнан 2965 адам, 534 бірлік техника, 193 мотопомпа және 27 жүзу құралы әзірлікке келтірілді. 130 мың қап, 5,5 мың тонна инертті материал және 82 тонна жанар-жағармай қоры, 235 эвакуациялық пункт дайындалды.
Өңірлерде қабылданып жатқан кешенді шаралар су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және гидрологиялық ахуалды тұрақты сақтауға бағытталған.

