Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі Жобалық кеңсенің алғашқы отырысын өткізді. Оған өңір әкімдігінің, сондай-ақ ұлттық экономика, қаржы, сыртқы істер, ішкі істер, өнеркәсіп және құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылығы қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Қатысушылар жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Олар – еңбек көші-қонын реттеу, жұмыссыздықты азайту, отандық бизнесті қолдау және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Аквашаруашылықты дамыту әлеуетіне ерекше назар аударылды. Саланы кеңінен дамыту мақсатында жобаларды несиелеу тетіктеріне, соның ішінде мамандандырылған теңіз техникасын сатып алуға қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ құбыр өнеркәсібі саласындағы өндірушілердің мәселелерін шешу және Жаңаөзен қаласындағы өндірісті локализациялау талаптарын қайта қарау жөніндегі шаралар талқыланды.
Жобалық кеңсе отырысында өңірдегі жұмыспен қамту жағдайы өз алдына бөлек қарастырылды. Көші-қонның оң сальдосымен қатар, соңғы үш жылда жұмыссыздық деңгейінің өсуі тіркеліп отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі өңірге келіп жатқан халықты еліміздің еңбек күші тапшы аймақтарына қоныстандыруға бағытталған өңіраралық инвестициялық жобаны әзірледі.
Вице-премьер Жобалық кеңсе мүшелеріне жұмыс топтарын құрып, қосымша талдау жүргізіп, көтерілген мәселелерді жедел шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

