Бүгін Ордабасы ауданының Қажымұқан елді мекеніндегі Қ.Мұңайтпасов атындағы мұражай аумағында «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» экологиялық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды сақтау, ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ тарихи нысандардың аумағын абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Экологиялық акцияға ардагерлер, экобелсенділер мен мекеме қызметкерлерінен құралған 500-ден астам азамат қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Іс-шара аясында 520 түп тал көшеті отырғызылып, шөп шабу және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 5 тонна қоқыс шығарылып, 50 түп ағаштың түбі әктелді. Мұражай аумағындағы қоршаулар сырланып, абаттандыру және ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
Мұндай игі бастамалар тарихи орындарды таза ұстауға, табиғатты қорғауға және өскелең ұрпаққа туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Аталған экологиялық іс-шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.


