Қарағандыда жастар UAE SWAT Challenge – 2026 жеңімпазымен кездесті

Қарағандыда жастар UAE SWAT Challenge – 2026 жеңімпазымен кездесті

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өскелең ұрпаққа арналған мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға жоғары сынып оқушылары мен колледждердің бірінші курс студенттері қатысып, полиция қызметкері, UAE SWAT Challenge – 2026 беделді халықаралық арнайы мақсаттағы жасақтар жарысының жүлдегері Амирхан Махатовпен жүздесті.

"Дұрыс таңдау — болашақтың негізі" тақырыбында ұйымдастырылған кездесу жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және кәсіби бағдар беру мақсатында өткізілді. Ашық диалог форматында өткен кездесуде Амирхан Махатов өзінің қызмет жолы мен жетістікке жету тәжірибесімен бөлісіп, полиция қызметінің жауапкершілігі мен ерекшеліктері туралы айтып берді.

Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарда табысқа жету үшін жоғары дайындық, тәртіп пен табандылықтың маңызын атап өтті.

Спикер халықаралық жарысқа дайындық барысы туралы кеңінен тоқталып, бұл турнирдің арнайы мақсаттағы жасақтар арасында аса беделді екенін жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш жарыс кәсіби шеберлікпен қатар, физикалық және психологиялық төзімділікті талап етеді.

Кездесу барысында Амирхан Махатов жастардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, полиция қызметі — қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуді, жоғары кәсібилік пен антқа адал болуды талап ететін маңызды сала.

Шара барысында студенттер мен мектеп оқушылары дене дайындығы, экстремалды жағдайларда психологиялық тұрақтылықты сақтау және кәсіби қызметті жеке жетістіктермен ұштастыру мәселелері жөнінде өз сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, патриоттық құндылықтарды нығайтуға және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ