Шымкентте Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл жоба қалалық ортаны жаңартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – тозығы жеткен үйлерде тұратын азаматтарды реновация бағдарламасы аясында жаңа, заманауи әрі жайлы пәтерлерге көшіру.
Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 110 отбасы жаңа баспанамен қамтылды. Оларға Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер дайындалған. Пәтерлер толықтай әрленген күйде тапсырылып, қоныстануға дайын.
Ал бөлме саны тұрғындардың бұрынғы пәтерлеріндегі бөлме санына сәйкес беріліп, отбасылардың қалыптасқан тұрмыс жағдайын сақтауға мүмкіндік жасалған.
Бүгін Нұрлыбаев көшесі, 5А мекенжайындағы ескі үйде тұрған тағы сегіз отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Қала басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, Көксай аумағын жаңғырту тек тұрғын үй қорын жаңартумен шектелмей, инфрақұрылымды дамыту мен аумақты абаттандыруды да қамтитынын атап өтті.
Мегаполис басшысы бұл бағыттағы жұмыс кешенді түрде жүргізіліп жатқанын және үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту көзделгенін айтты. Көксай ауданын жаңғырту аясында инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жоспарланғанын жеткізді.
Айта кету керек, ауданның жаңғырту жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Тұжырымдаманы жүзеге асыру нәтижесінде тұрғын үй қоры біртіндеп жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады, Шымкент тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасалады.

