Референдум күні Алматыдағы барлық сайлау учаскесінде ерекше әрі заманауи фотоаймақтар ұйымдастырылды. Бұл бастама қала тұрғындарына азаматтық борышын орындап қана қоймай, маңызды күнді есте қалдырып, естелік суретке түсу үшін жасалған, деп хабарлайды Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фотоаймақтар бірыңғай визуалды стильде безендірілген. Мұнда пресс-уоллдар, баннерлер, едендік навигация элементтері мен символикалық кескіндемелер орналастырылған. Көптеген тұрғын түсірген фотосуреттерін әлеуметтік желілерде #Референдум2026 хэштегімен бөлісіп жатыр.

Мәселен, №89 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындардың бірі референдумға қатысу өзі үшін тарихи сәт болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл маңызды оқиғаны фотосурет арқылы есте қалдыру мүмкіндігі күннің мәнін одан әрі арттыра түскен.

Алматылықтардың айтуынша, фотоаймақтар дауыс беру күніне ерекше мерекелік көңіл күй сыйлап, оны есте қаларлық оқиғаға айналдырды. Көпшілік естелік суретке түсіп, достары мен жақындарына алған әсерін бөлісіп жатыр.


