Referendum-2026: Қарағандылықтар белсенді дауыс беруде

Referendum-2026: Қарағандылықтар белсенді дауыс беруде

Қарағанды облысында республикалық референдум бойынша дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталды. Барлық учаскелерде сайлаушыларға қажетті жағдай жасалып, алғашқылардың бірі болып дауыс берген ол естелік сыйлыққа ие болды.

Аймақта дауыс беруге құқылы 757 671 азамат тіркелген. Дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сәйкес өтіп жатыр. Тұрғындар таңнан бастап учаскелерге келіп, өз таңдауларын жасауда.

Отбасымен келіп дауыс берген тұрғын

Қарқаралы қаласының тұрғыны Мардан Әлжан аудандық мәдениет үйінде орналасқан №466 референдум учаскесіне отбасымен келді.

Ол белсенділік танытып, алғашқы болып дауыс беріп, естелік сыйлыққа ие болды.

– Біз референдумға отбасымызбен келдік. Жарым екеуміз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Әр адам дауыс беру арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Бұл – әр ел тұрғынының азаматтық борышы, – дейді Мардан Асқарұлы.

Айта кету керек, ол референдумға жары Бибінұр Саятқызы және төрт баласымен бірге келген.

Облыс әкімі дауыс берді

Ел тарихындағы маңызды саяси науқан – бүкілхалықтық референдум күні Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің азаматтық таңдауын жасады.

Өңір басшысы дауыс беру учаскесіне ерте келіп, бұл қадамның тек саяси міндет қана емес, әрбір қазақстандықтың ертеңіне деген жауапкершілігі екенін атап өтті.

– Мен бүгін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің, өзімнің және балаларымның болашағы үшін таңдау жасауға келдім. Жаңа Конституция – бұл жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамалардың негізі. Әрбір азаматтың бүгінгі таңдауы ел дамуының бағытын айқындаса керек, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Аймақ басшысы дауыс берген №17 референдум учаскесінде таңсәріден халық көп жиналған. Аталған учаскеде барлығы 2222 сайлаушы тіркелген. Сонымен қатар, мұнда 18 жасқа енді толған 59 жас азамат алғаш рет дауыс бермек.

Ермағанбет Бөлекпаев референдумның мемлекеттік маңызымен қатар, оның әрбір отбасы үшін де маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ облыс көлеміндегі сайлау учаскелерінің жұмысына жоғары баға беріп, техникалық және құқықтық дайындықтың жоғары деңгейде екенін айтты.

Теміртау әкімі өз таңдауын жасады

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Конституцияның жаңа жобасын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумға қатысты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.

Қала басшысының айтуынша, ол азаматтық борышын орындады.

«Бүгін республикалық референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Қарағанды индустриялық университетінің ғимаратында орналасқан № 265 учаскеде дауыс бердім. Әрбір дауыс маңызды», — деді металлургтер қаласының әкімі.

Университет ректоры да дауыс берді

15 наурыз күні Қарағанды индустриялық университетінің ректоры Бахыт Ахатович Жаутиков жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдумға қатысты.

Ол Теміртау қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беріп, азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Ректордың айтуынша, дауыс беруге қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі және әр адамның мемлекет болашағына қосқан үлесі. Сондай-ақ ол университеттің оқытушыларына, студенттері мен қызметкерлеріне елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға шақырды.

Меруеш Башай: «Референдум – халықтың өз болашағын өзі айқындайтын тарихи сәт»

Қарағандыдағы жалпы білім беретін №10 мектепте №65 учаскелік референдум комиссиясы орналасқан. Таң атысымен қала тұрғындары осында ағылып, өз таңдауларын жасауда.

Бұл жерге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы, Қазақстанның Мəдениет қайраткері, облыстық мәслихат депутаты, əнші Меруеш Башай да келіп, өз таңдауын жасады.

Меруеш Башай өз сөзінде: «Бұл жай ғана бюллетеньге белгі қою емес, бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтың саналы таңдауы», - деді.

– Референдум – халықтың өз болашағын өзі айқындайтын ерекше сәт. Осындай маңызды күні әр азаматтың дауысы мемлекетіміздің ертеңіне қосылған үлес екені анық. Әрбір дауыс – жауапкершілік. Себебі, бүгін қабылданған шешімдер ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді. Біз бүгін қандай таңдау жасасақ, ертең сол таңдаудың нәтижесін біздің балаларымыз бен немерелеріміз көреді. Сондықтан мұндай тарихи сәттерде бейжай қалу болашаққа немқұрайлы қараумен тең. Мен референдумға қатысуды өз азаматтық борышым деп білемін. Өйткені, мемлекет тек заңдар мен институттардан ғана тұрмайды, ол ең алдымен өз тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың ортақ үйі. Әр азаматтың белсенділігі мен ұстанымы елдің даму бағытын айқындайды, – деді ол.

Қазіргі уақытта дауыс беру жалғасуда. Қала тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, елдің болашағы мен әл-ауқаты үшін өз таңдауларын жасауда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылары өз пікірлерін білдірді, деп...

Еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдумға Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері байқаушы ретінде қатысты. Ұйымның бас...