Бүгін Қазақстанның барлық аумағында ішкі істер органдарының қызметкерлері жаңа Конституция бойынша республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуде. Барлық жеке құрам қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшірілді. Басшылық және командалық құрам үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев ОКҚ алаңында өтіп жатқан «Референдум – 2026» онлайн-марафонында хабарлады.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесіп референдум учаскелерінің барлығына алдын ала тексеру жүргізілген. Техникалық қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғанысы мәселелері тексерілді. Барлық учаскелер тәулік бойы бақылауға алынды.
«Маңызды бір жайтты атап өткім келеді. Полиция қызметкерлері дауыс беру залдарында болмайды. Олар тек комиссия төрағасының шақыруымен және қоғамдық тәртіпті бұзылған жағдайда ғана кіре алады», – деп атап өтті спикер.
Қазір елдегі жағдай тұрақты және ішкі істер органдарының толық бақылауында. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ. ІІМ азаматтарды заңды сақтауға және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырады.

