ТМД байқаушылары Қазақстандағы референдум барысында ескертулер тіркеген жоқ

ТМД байқаушылары Қазақстандағы референдум барысында ескертулер тіркеген жоқ
ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық байқаушылары Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша республикалық референдумды бақылау жұмысын оның өткізілуіне дейін әлдеқайда бұрын бастаған. Атап айтқанда, сарапшылар елдегі электоралдық процестерді реттейтін нормативтік құжаттарды зерттеді. Бұл туралы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы, бас хатшысы Дмитрий Кобицкий «Референдум – 2026» онлайн-марафоны барысында ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«Олар барлық халықаралық нормаларға сәйкес келеді. Бұл тек Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі нормалар ғана емес, соның ішінде біздің Демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенциямызға, сондай-ақ әлемде референдумдарды ұйымдастыру және өткізу, бақылау процестерін реттейтін көптеген нормативтік құжатқа сәйкес келеді», – деді ол.

Спикер халықаралық ұйымның бақылау жүргізіп келе жатқанына 30 жылдан асқанын еске салды. ТМД ПАА алғашқы бақылау миссиясы 1994 жылы Қазақстанда өткен.

Дмитрий Кобицкийдің айтуынша, биылғы референдумға дайындық тиісті деңгейде ұйымдастырылған. Ол Орталық референдум комиссиясы учаскелік комиссия қызметкерлерін даярлау бойынша қажетті жұмыстарды жүргізгенін атап өтті. Учаскелік комиссия мүшелері заңнаманы және өз міндеттерін жақсы біледі, сондай-ақ дауыс беру барысында туындауы мүмкін түрлі жағдайға дайын.

«Ұлттық байқаушылардың белсенділігі жоғары екені байқалады. Біз олардан қандай да бір ескертулер немесе ұсыныстар бар-жоғын сұраймыз. Әзірге ұлттық байқаушылар тарапынан да, Парламентаралық Ассамблея байқаушылары тарапынан да ешқандай ескерту тіркелген жоқ», – деп қосты ол.

Жалпы байқаушылар тобының құрамында 58 адам бар, олардың 23-і шетелдік учаскелерде жұмыс істейді. Барлығы шетелде дауыс беру 54 елдегі 71 учаскеде өтіп жатыр, онда да референдум барысына мониторинг жүргізілуде.

Осы күннің нәтижесі бойынша миссия өз қорытындысын дайындап, қол қоюды жоспарлап отыр. Бақылаудың алдын ала нәтижелері ертең ТМД миссиясының баспасөз мәслихатында жарияланбақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ