ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасарлары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ұлттық экономика минитрі Серік Жұманғарин, сонымен қатар оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасады.
Премьер-министр қазақстандықтарды жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, бұл оқиғаның ел тарихындағы маңыздылығын атап өтті.
«Ең алдымен, барша қазақстандықтарды тарихымыздағы аса маңызды оқиға – жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның заманауи тарихындағы ел тағдырын айқындайтын елеулі кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен және қоғамның белсенді қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция бірлік пен әділдік, заң мен тәртіп сияқты негізгі құндылықтарды орнықтырып, ұлтымыздың ұзақмерзімді даму бағдарын айқындап, еліміздің саяси өміріне халықтың толыққанды қатысуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, заң көмегін алу құқығына және дербес деректердің қорғалуына кепілдік беру Негізгі заң деңгейінде бекітіліп отыр.
«Президент атап өткендей, жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің тұғыры болады. Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті. Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруі тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек.
Сонымен қатар Премьер-министр Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім беру саласы үшін әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді талап ететін Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Олжас Бектенов жаңа Конституцияда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылғанын атап өтті.
Отырыс барысында Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне бір апта ішінде тиісті Ақпараттық жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырылды. 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізу керек. Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігіне Конституция мәтінін қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Білім беру саласы бойынша:
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне 20 сәуірге дейін тиісті әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуді тапсырылды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша:
Биылғы 1 сәуірге дейін Денсаулық сақтау министрлігіне Әділет министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға қажетті түзетулерді Парламентке енгізу тапсырылды. Бұл осы жүйенің барынша тұрақты әрі икемді болуына жағдай жасайды. Сақтандыру пакеті жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмектің көптеген түрлеріне қол жеткізу құралына айналады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 сәуірге дейін цифрлық экономиканың дамуы мен жұмыспен қамтудың жаңа формаларын ескере отырып, еңбек заңнамасын, оның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамтуды бейімдеп, Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне түзетулер енгізуі қажет.
Экология бойынша:
Осы мерзімге дейін Экология министрлігіне Қоршаған ортаны қорғау қағидаттарын және Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру шеңберінде Экологиялық кодекске тиісті түзетулер енгізу тапсырылды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау нормалары Ата заң деңгейінде бекітілді. Бұл орайда экологиялық жауапкершілік нақты құқықтық міндетТемелермен бірге негізгі конституциялық қағидатқа айналады.
Цифрлық даму бойынша:
Мемлекет басшысы дербес деректерді қорғау мәселесінің өзектілігін әрдайым атап келеді, сондықтан тиісті нормалар Ата заңда бекітілді. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектіні белсенді енгізу кезінде айрықша маңызды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетіктерін күшейтіп, тиісті заңнамалық түзетулерді жеделдету тапсырылды.
Құқықтық тәртіп және қауіпсіздік бойынша:
«Заң мен Тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі. Ішкі істер министрлігі қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысына талдау жүргізіп, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін қоғамдық қауіпсіздіктің жай күйі туралы Ұлттық баяндама аясында жыл сайын жариялау керек, сондай-ақ биылғы сәуір айының соңына дейін Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын жаңа форматта ұйымдастыру қажет.
Рақымшылық жасау туралы:
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқық бұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы Президент бастамасына ерекше назар аударылды. Ішкі істер және Әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде рақымшылық жасау тетіктері бойынша егжей-тегжейлі ұсыныс енгізуі тиіс.
Заң шығару жұмысы бойынша:
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 15 сәуірге дейін «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заңдардың жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды. «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын Парламентте қарауды жеделдетіп, наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну міндеті қойылды.
Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты орындау шеңберінде Әділет министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жоспар жобасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін Үкімет Аппаратына енгізу тапсырылды, 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспары бекітілуі керек.
Жалпы, Премьер-министр барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жоспарды жүзеге асыру бойынша жан-жақты әрі түбегейлі шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

