Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: өңірлерде жаңа кәсіпорындар, инфрақұрылым және әлеуметтік сала нысандары ашылды

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: өңірлерде жаңа кәсіпорындар, инфрақұрылым және әлеуметтік сала нысандары ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Республика күні қарсаңында жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, білім беру орталықтары, ТКШ және әлеуметтік сала нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Өнеркәсіп және өндіріс

Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын Silumin of Qazaqstan зауыты ашылды. Толық өндірістік циклді қамтитын жоба алюминий кластерін дамытуға, импортты алмастыру мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Түркістан облысының Темірлан ауылында «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС компаниясының ірі қара малдың сүйегінен май мен желатин компоненттерін өндіретін зауыты іске қосылды. Жалпы құны 9 млрд теңге болатын кәсіпорын ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді және биотехнология, микробиология және фармацевтикада пайдаланылатын пептон шығаруды қамтамасыз етеді.

Түркістан облысында мақта майын өңдеу зауыты ашылды. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірісті іске қосу өңірде шитті мақтаны қайта өңдеу көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау

Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын жаңа емхананың техникалық ашылуы өтті. Жалпы құны шамамен 5,1 млрд теңгені құрайтын мекеме Қызылжар ауданының 40 мыңнан астам тұрғынына медициналық қызмет көрсетіп, жергілікті деңгейде диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Білім беру және цифрландыру

Ақтөбеде AQTOBE IT HUB заманауи білім беру орталығы ашылды. Мұнда болашақ мамандарын даярлау мақсатында бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект (ЖИ) және басқа да цифрлық салалар бойынша білім беріледі. Орталықтың негізгі бағыттарының бірі – 18 жастан асқандарға арналған Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі. Онда халықаралық Peer-to-Peer оқыту моделі негізінде IT мамандықтарын тегін меңгере алады. Бағдарлама 18 айдан 24 айға дейінгі уақытты қамтиды.

Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нысан 1975 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Жаңа мектеп барлық баланы бір ауысымда оқытуға және педагогтерге заманауи жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік ашты.

ТКШ және инфрақұрылымды дамыту

Маңғыстау облысында қайта жаңғыртудан кейін hi-tech стилінде жобаланған теміржол вокзалы ашылды. Үш қабатты жаңа кешеннің ауданы 9 мың шаршы метрден асады, бұл бұрынғы ғимараттың көлемінен 11 есе үлкен. Нысан тәулігіне 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген, ал жазғы маусымның қарбалас кезеңінде бұл көрсеткішті 4 мың жолаушыға дейін арттыруға болады. Инфрақұрылым құрамына кең күту залдары, кассалар, ана мен бала бөлмесі және кедергісіз орта кіреді.

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жармұхамбет ауылында жаңа ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Құны 1,4 млрд теңге болатын жоба аясында 51 шақырым су құбыры тартылып, екі су ұңғымасы бұрғыланды және әрқайсысының көлемі 300 текше метр болатын екі резервуар салынды.

Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсететін мекемеге 26 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде автокрандар, шынжыр табанды экскаватор, тиегіш, кран-манипуляторлар, бұрғылау машинасы және тартқыштар бар. Жаңа техника гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау жұмыстарының жеделдігі мен сапасын арттырып, су басудың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік сала және туризм

Ақтөбе облысының Шұбарқұдық кентінде жалпы ауданы 1,6 мың шаршы метр болатын жаңа жабық жүзу бассейні ашылды. Нысан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Қазіргі уақытта бассейнде 84 бала жүзумен айналысады. Алдағы уақытта оның өткізу мүмкіндігін 130 орынға дейін арттыру жоспарланған.

Ақмола облысының Аққайың ауылында жаңа экопарк ашылды. Оның серуендеу бағыттарының жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайды. Демалыс аймағы туристік инфрақұрылымды кеңейту және Астана агломерациясының тұрғындары мен қонақтары үшін қала сыртындағы демалысты дамыту аясында құрылған.

Алматы облысының Жамбыл ауданында және Ақтөбе қаласының Жаңақоныс кентінде жаңа мәдениет үйлері ашылды. Нысандар мәдени-бұқаралық іс-шаралардың қолжетімділігін арттырып, жергілікті тұрғындардың бас қосатын орталығына айналмақ. Жаңа инфрақұрылым өңір тұрғындарының шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын мазмұнды өткізуге жағдай жасайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік, инженерлік және...