Шымкент қаласында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өз мәресіне жетіп, мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы бірнеше күн бойы әлемнің түрлі елдерінің асханасы тоғысқан бірегей халықаралық гастрономиялық кеңістік қызметін атқарды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – оның халықаралық форматта өтуі. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген танымал аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермен назарына авторлық мәзірлерін ұсынды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.
Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары деңгейдегі бәсекемен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи аспаздық технологияларды шебер ұштастыра білді. Қазылар алқасының шешімімен «Ең жақсы палау» аталымы Grand Golden Hills мейрамханасына, «Ең дәмді самса» номинациясы Qazaq Samsa мейрамханасына берілді. Ал «Ең үздік ұлттық тағам» аталымында «Понтос» мейрамханасы жеңімпаз атанды. «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.
Халықаралық мазмұн жергілікті рестораторлардың белсенділігімен үйлесім тапты. Фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, келушілерге ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдауын ұсынды. Қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық ас мәзірлерін тамашалап, дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылып, мерекелік дастарханның ажарын аша түсті.
Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламадан да айқын көрініс тапты. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би сайыстары, ұлттық домбыра өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және арнайы тақырыптық аймақтар фестиваль мазмұнын байытып, оны көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.
Осылайша, «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуетін айқын көрсетті. Түрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін тоғыстырған бұл ауқымды шара Наурыз мейрамының рухын заманауи форматта жаңғыртып, қала өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.

