Зауыт құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.
QAZCLINKER компаниясының директоры Дәулет Смағұловтың айтуынша, бұл кәсіпорын елдегі қасбеттік клинкерлік плитка өндіретін алғашқы өндіріс болмақ.
Жобалық қуаты жылына 1 млн шаршы метрге дейін өнім шығаруға жетеді.
— Біздің ұстанымымыз – қолжетімді бағада премиум өнім өндіру. Қазір технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтар толық сатып алынып, кезең-кезеңімен жеткізілуде. Жобаны өз қаражатымыз есебінен және Қазақстан Даму Банкінің қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз, — деді Дәулет Смағұлов.
Өндіріс ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталмақ.
Компания басшысы жобаны жүзеге асыру үшін Қарағанды облысын таңдауға қолайлы логистика мен дамыған инфрақұрылым әсер еткенін атап өтті.
Сондай-ақ маңызды факторлардың бірі – газға қосылу мүмкіндігі. Өндіріс алаңында барлық қажетті инфрақұрылым жасақталған, сондықтан зауыт бірден табиғи газбен жұмыс істейтін болады.
Зауытты іске қосу биылға жоспарланып отыр.

