Құқық бұзушылыққа жол жоқ

Құқық бұзушылыққа жол жоқ

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы заңнамалары талаптарын жан-жақты түсіндіруге және алдын алуға бағытталған бағдарламалар аясында көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру мақсатында 5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы бекіткен «2026 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспарына», сондай-ақ Ұлттық ұлан Әскери полициясы басқармасы бастығының талаптарына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық жағдайда құқық бұзушылықтарға жол бермеу, ұрып-соғу мен ар-намысқа тиюдің алдын алу, есірткі заттарын алып жүру мен пайдалануға, алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға, құмар ойындарға әуестенуге және бұзақылық әрекеттерге жол бермеу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қызмет барысында өкілеттіктерді асыра пайдалану немесе оларды қызметтік емес мақсатта қолдануға әкелуі мүмкін әрекеттердің алдын алу мәселелері де қамтылған. Осы бағытта әскери полиция қызметкерлері мен өзге де ведомство өкілдерінің қатысуымен 200-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді.
Әскери қызметшінің басты міндеті – өз қызметіне адал болу. Ол жалпы әскери жарғылар талаптарын қатаң сақтап, өз Отанын қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс. Әскери қызметші өзінің іс-қимылымен мемлекеттік биліктің беделін нығайтып, мемлекеттің мүдделерін қорғауға, әскери ұжымдағы достықты бекемдеуге міндетті. Сондай-ақ командир бұйрықтарын дәл әрі уақытылы орындап, оларға мүлтіксіз бағынуы қажет.

Бұдан бөлек, әскери қызметші әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын сақтауға, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы жетік білуге және дұрыс қолдануға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Әскери мүлік пен материалдық құралдарды ұқыпты ұстау, қажет жағдайда әскери қызметтестерін қауіптен құтқару, оларға сөзбен де, іспен де көмек көрсету – әрбір әскери қызметшінің борышы. Сонымен қатар әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеп, дөрекілік пен қорлауға жол бермеуі тиіс.
Әскери қызметші әскери әдептілік пен мінез-құлық нормаларын, әскери сәлемдесу қағидаларын сақтап, әскери киім нысанын талапқа сай киіп жүруге міндетті. Ол кез келген жағдайда өзін абыроймен ұстап, қырағылық танытып, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет.

Ал сарбаздар әскери өмірде темірдей тәртіпке бағынып, ел басына күн туған сәтте кез келген жағдайдан шығу жолдарын табуды, қорғана білуді және қорғауды, антқа адал, досқа берік болуды үйренуде.
Қазіргі таңда 5574 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілермен «Бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау», «Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтік міндеттерін бұзуға мәжбүрлеу», «Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттері», «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қатынастарды бұзу», «Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету», «Қашқындық», «Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту» сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға психолог және теолог мамандар да тартылған.
Сонымен қатар әскери қызметшілерге 2025 жыл және 2026 жылдың алғашқы үш айында тіркелген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот қаулылары мен үкімдерінің бейнематериалдары көрсетілуде.

Әскери қызметші – Қазақстан Республикасының қорғаушысы деген жоғары атаққа лайық болуы тиіс. Ол Қарулы Күштердің және өз әскери бөлімінің жауынгерлік даңқын, өзінің әскери атағын құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуы әрқайсымыздан адал қызмет етуді, құқық бұзушылықтарға жол бермеуді талап етеді.


5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметінің бастығы майор Бақтияр Дәуренқұлов

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту...

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы...