Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың І тоқсанында өңірде 24 кедендік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 250 миллион теңге қосымша төлемдер есептелген. Оның 135 миллион теңгесі бюджетке өндірілген. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айдос Қадірбердиев баяндады.
"Кедендік бақылау жұмыстары қазіргі таңда автоматтандырылған форматта жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл тексерулердің ашықтығын арттырып, адам факторын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 1,3 млрд теңге көлемінде қосымша кедендік төлемдерді өндіру жоспары белгіленген. Кедендік заңнаманы бұзудың негізгі түрлері ретінде тауардың кедендік құнын дұрыс анықтамау, декларацияларды толтырмау, СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы) кодтарын қате белгілеу және тарифтік талаптарды сақтамау жағдайлары жиі тіркелген. Валюталық бақылау бағытында 2024 жылдан бері 980 банктік бақылау картасы тіркелген. Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 30,5 млрд теңгеден астам айыппұл салынып, мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға жолданған. Әкімшілік тәжірибе аясында валюталық заңнаманы бұзу жағдайлары бойынша 169 іс сотқа жолданып, 62 іс сотта қаралған. Мамандардың айтуынша, негізгі мәселелердің қатарында валюталық түсімді уақытылы қайтармау және құжаттарды кешіктіріп ұсыну жағдайлары бар. Осыған байланысты түсіндіру және алдын алу шаралары күшейтіліп, бақылау тетіктері жетілдірілуде"-деді басқарма басшысы.

