Алматы қаласында сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл бағыттағы жобалар қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, түнгі уақытта қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қалада бұрын жарықтандырылмаған 1189 учаске толық жарықпен қамтылды. Нәтижесінде 12 мыңнан астам жаңа шам орнатылып, 15,5 мыңнан астам ескі жарық нүктесі жаңартылды. Сонымен қатар 80-нен астам көшеде жарық желілері қайта жаңғыртылып, 420 нысан сәулеттік жарықтандырумен қамтылды.
2026 жылы бұл жұмыстар жалғасады. Жоспарға сәйкес, тағы 12 мыңға жуық жаңа шам орнатылып, 2 мың жарық бағанасы қойылады және 126 шақырым жарықтандыру желісі тартылады. Бұған қоса, шамамен 30 мың шамды жөндеу және жарықты басқару жүйелерін жаңарту көзделген.
Қаланың көркін арттыру мақсатында 440-тан астам ғимаратты сәулеттік жарықтандыру жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар толықтай 2026 жылы аяқталады.
Жалпы, аталған бастамалар Алматының инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қалалық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

