ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Душанбеде өткен үкіметаралық комиссияның отырысына қатысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Душанбеде өткен үкіметаралық комиссияның отырысына қатысты

Қазақстан мен Тәжікстан премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары Нұрлыбек Нәлібаев пен Хоким Холиқзода Душанбеде  өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысына қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары кезінде серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімдерге қол қойылған болатын.

Қазақстан – Тәжікстанның негізгі үш сауда серіктестерінің бірі. Жыл басынан бері тоғыз айда екі ел арасындағы сауда айналымы былтырғымен салыстырғанда 25,6%-ға өсіп, $1,13 млрд-қа жетті. Өткен жылы Қазақстан Тәжікстан экономикасына $133,8 млн инвестиция салды, оның $14,4 млн-ы тікелей инвестициялар.

Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар саяси қатынастардың тұрақты сипатқа ие болғанын, жоғары деңгейдегі байланыстардың екіжақты күн тәртібінің кеңеюіне ықпал еткенін атап өтті. Сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.

Сондай-ақ сауда айналымын арттырудың, Қазақстаннан шикізат емес өнімдерді жеткізуді ұлғайтудың Жол картасын қабылдау туралы келісімге келді.

Перспективалы бағыттар ретінде сирек кездесетін металдарды өңдеу, қазақстандық инвесторлардың қатысуымен Тәжікстанның алюминий өнеркәсібін жаңғырту, тұрақты бидай жеткізу және 2027 жылы Қазақстан арқылы мұнай өнімдерін жеңілдікпен тасымалдау аталды.

Тікелей инвестициялар тарту, бірлескен кәсіпорындар құру, еркін экономикалық аймақтардың әлеуетін пайдалану және аймақаралық байланыстарды дамытуға басымдық беру мәселесі де жан-жақты талқыланды.

Кездесу қорытындысында тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысының хаттамасына қол қойды. Комиссияның келесі отырысы 2027 жылы Астанада өтеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында алматылық спортшылар 11 медаль жеңіп алды....