ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту процесін автоматтандыруда. Енді бұл рәсім толықтай цифрлық форматқа ауыстырылып, eGov.kz және migration.enbek.kz порталдары арқылы қолжетімді болады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңашылдықтың басты мақсаты – қызмет көрсету рәсімін жеңілдету және жеделдету. Бұдан былай өтініш берушілерге Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке барудың қажеті жоқ: үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсатты рәсімдеу немесе ұзарту елдің кез келген өңірінен қашықтан жүзеге асырылады.
Жаңа формат құжаттарды жинау процесін де айтарлықтай жеңілдетеді. Еңбек иммигранттарына медициналық анықтамалар мен сақтандыру деректерін қолмен жүктеудің қажеті жоқ – жүйе барлық талап етілетін ақпаратты мемлекеттік дерекқорлардан нақты уақыт режимінде автоматты түрде алады. Өтінім беруден бастап жергілікті атқарушы органдардың шешім қабылдауына дейінгі бүкіл процесс ашық әрі айқын болады. Өтінім мәртебесін онлайн қадағалау мүмкіндігі қателік тәуекелдерін азайтып, адами факторды болдырмайды және әкімшілік кедергілерді төмендетеді. Дегенмен негізгі талаптар сақталады: рұқсат белгіленген квота шеңберінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі.
Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылды.

