Жұмыстар облыстың барлық қала және аудандарында ұйымдастырылады. Қатысушыларды қабылдаудың алғашқы кезеңі басталып та кетті: бастапқыда екі мыңға жуық адамды қабылдау жоспарланса, кейін іріктеу кезең-кезеңімен жалғасады.
«Жұмыстың алғашқы кезеңінде шамамен екі мың адамды қабылдау көзделіп отыр, одан әрі маусым барысында қатысушыларды іріктеу жалғасады. Сонымен қатар, қатысушыларды қабылдау кезінде олардың әлеуметтік мәртебесіне ерекше назар аударылады», – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Оның айтуынша, әр маусымдағы қатысушылардың 10-15%-ын мемлекеттің ерекше қолдауын қажет ететін жасөспірімдер құрайды. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған отбасылар бар.
Бағдарламаның жеке бағыты мүгедектігі бар адамдарға арналған. Биыл бұл санат бойынша 150 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Олар үшін екі сағаттық жұмыс күні ұйымдастырылады.
14-15 жастағы жасөспірімдердің жалақысы 85 мың теңгені құрайды. Ал 16 жастан асқан қатысушылар 127 мың теңге алады. Жұмыс режимі бұрынғыдай сақталады: жас ерекшелігіне қарай күніне төрт немесе алты сағат, аптасына бес күн жұмыс істейді.
Жобаның негізгі бағыты дәстүрлі түрде көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру жұмыстары болып қала береді. Сонымен қатар, қатысушылар тек қауіпсіз әрі ауыр күш түсірмейтін жұмыстарға тартылады.
Биыл жоба құжат қабылдаудың толық цифрлық форматына көшті. Өтінімдер арнайы портал арқылы қабылданып, қатысушылар электронды кезекке қойылады.
Абаттандыру жұмыстарынан бөлек, «Жасыл ел» сарбаздары үшін экологиялық акциялар, командалық іс-шаралар мен тренингтер ұйымдастырылады. Оның ішінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бастамалар да бар.
Маусымның жаңашылдықтарының бірі – қатысушыларды GreenMap жүйесін пайдалана отырып, жасыл желектерді цифрлық түгендеуге үйрету болды. Жастар ағаштар мен бұталар туралы мәліметтерді тіркеуді, олардың жай-күйін бақылауды және электронды базамен жұмыс істеуді меңгереді. Болашақта бұл өңірдің жасыл қорын есепке алып, жаңа көшеттер егуді жоспарлауға мүмкіндік береді.

