Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен бесінші әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды. Жаңа нысан Жаңаталап тұрғын алабында орналасқан. Мұнда өрт сөндіру бөлімшесі, жедел медициналық жәрдем пункті және учаскелік полиция пункті бір аумақта шоғырланған. Енді төрт тұрғын алаптың 11 мыңнан астам тұрғыны шұғыл көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден ала алады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Кешен Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Алтынтөбе және Көкбұлақ тұрғын алаптарына қызмет көрсетеді. Бұл аумақтарда жалпы саны 11 200-ге жуық адам тұрады. Үш қызметтің бір жерде орналасуы шақыртуларға жету уақытын қысқартып, өрт, апат және басқа да оқиғалар кезінде өзара үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, шалғай аудандардың тұрғындары үшін бұл – әр минут маңызды болатын сәттерде көмектің қолжетімділігін арттыратын шешім.
Кешен аумағында екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған гаражы бар №14 өрт сөндіру бөлімі ашылды. Жеке құрам үшін қызметтік және жатын бөлмелері, оқу сыныбы, асхана, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті жабдықталған. Сонымен қатар оқу мұнарасы, спорт алаңы салынып, медицина қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларына арналған бөлмелер қарастырылған. Құрылыс жұмыстары жеті айға созылды.
Бұл – Шымкент қаласында ашылған бесінші әмбебап кешен. Қазақстан ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осындай нысандар желісін кеңейтуді жалғастыруда. Жаңа формат жедел қызметтерді халыққа жақын орналастырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шұғыл көмек көрсетуге бағытталған.


