ІІМ нашақорлыққа қарсы республикалық айлықты бастады

ІІМ нашақорлыққа қарсы республикалық айлықты бастады

Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай бүгін елордада нашақорлыққа қарсы ұйымдастырылған айлықтың ашылуы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырған кең ауқымды профилактикалық акция жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, есірткі қылмыстарының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

- Бұл дәстүрлі айлықтың негізгі мақсаты – есірткіге қарсы жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, салауатты өмір салтын дәріптеу және есірткіге қарсы иммунитетті күшейту. Жыл басынан бері 30-дан астам кәмелет жасқа толмағандар есірткі тарату фактілері бойынша ұсталған. Сондықтан жазғы демалыс уақытында мектеп оқушылары, студенттер жеңіл табыс көзіне алданып қалмасын деген мақсатта осы шара басталды, - деп атап өтті ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Аталған шара 26 мамыр мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында жауапкершілікті арттыруға және қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.

- Профилактиканың ең үлкені, әрине, алдын алу шаралары. Осы орайда ата-аналарды мектеппен серіктесе жұмыс істеуге шақырамыз. Себебі тәуелсіз ел ұрпағының санасы да тәуелсіз болуы тиіс. Бүгінгі жастардың психологиясы ерекше, олар – әлем балалары. Сондықтан біз бұл балалардың сезімталдығын эмоционалдық кемшілікке баламауымыз қажет, - деді өз сөзінде ҚХА Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай.

Ал еріктілердің пікірінше, мұндай жобалар жастардың назарын қоғамдағы өзекті мәселелерге аударып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді.

Акцияға полиция қызметкерлері, ата-аналар, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Шара барысында қатысушылар үшін концерттік бағдарлама, спорттық ойындар, эстафеталар, автокөліктер көрмесі және профилактикалық алаңдар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, айлық аясында бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде профилактикалық акциялар, жастармен кездесулер және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы 25 мамырда Таиланд Корольдігінің Бангкок қаласында Қазақстан–Таиланд бизнес-форумы аясында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының...