Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының босану блогында ерекше қуанышты оқиға тіркелді. Бір күнде төрт ана егіз босанып, сегіз сәби өмірге келді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Төрт отбасына бір мезетте қос қуаныш сыйлаған бұл жағдай медицина ұжымы үшін де есте қаларлық сәт болды. Ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету жолында акушер-гинекологтер, неонатологтер, акушерлер, анестезиолог-реаниматологтер мен мейіргерлер жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытты.
Төрт егіз жұптың бір күнде дүниеге келуі - сирек кездесетін ерекше оқиға. Бұл - ата-аналар үшін шексіз бақыт, ал медицина мамандары үшін еңбектерінің жемісін көрген сәт.
Жаңа туған нәрестелердің бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын. Аналардың денсаулығы мықты болсын!


