Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында бизнес қауымдастығының өкілдерімен, салалық қауымдастықтармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков баяндады. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы тұрақты даму қарқынын сақтап, жоғары инвестициялық әлеуетке ие өңірлердің бірі болып табылады.
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында өңір экономикасына
235,4 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 106,5%-ды құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 242,77 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 470,4 млрд теңгені құрады.
Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыста 78,3 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 185,1 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 28,8%-ға жетті. 2025 жылы екінші деңгейлі банктер арқылы бизнесті қолдауға 13,1 млрд теңге бағытталып, 800-ден астам жобаға қолдау көрсетілді.
Кездесу барысында қатысушылар салықтық әкімшілендіру, кадрларды мемлекеттік тапсырыс аясында даярлау, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қаржылық құралдарға қолжетімділігін кеңейту және мемлекет, бизнес пен үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Ерлан Сағнаев өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Бағдарламаның маңызды нысандарының бірі – өнімдері ТМД елдері мен алыс шетел нарықтарына тұрақты экспортталатын еліміздегі химия өнеркәсібінің ірі кәсіпорны – «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ болды.
Сондай-ақ вице-министр 2024 жылы іске қосылған «Автокомп» ЖШС өндірістік алаңына барды. Кәсіпорын құрылыс конструкциялары мен алюминий қорытпаларын өндіруге маманданған. Оның өндірістік қуаты бір ауысымда 200 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында шамамен 30 маман еңбек етеді.
Сондай-ақ, вице-министр «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. Сапар барысында инвестицияларды тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды.
Сапардың соңғы нысаны балаларға ABA-терапия, нейротүзету және басқа да заманауи әдістер арқылы жоғары технологиялық көмек көрсететін «JAS URPAQ & EVENTUM» түзету орталығы болды. Бүгінде Ақтөбе қаласында осындай төрт орталық табысты жұмыс істеп, өңір тұрғындары тарапынан жоғары сұранысқа ие.

