COP31: Қазақстан климаттық қаржыландыру, метан шығарындыларын қысқарту және жасыл технологиялар саласындағы бастамаларды ілгерілетуде

COP31: Қазақстан климаттық қаржыландыру, метан шығарындыларын қысқарту және жасыл технологиялар саласындағы бастамаларды ілгерілетуде

2026 жылғы 14 қарашада Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А. Қуантыровтың қатысуымен бірқатар халықаралық кездесулер мен тақырыптық іс-шаралар өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Күн тәртібінің негізгі тақырыптары климаттық қаржыландыру тарту, инвестициялық тетіктерді дамыту және Орталық Азияда инновациялық жасыл технологияларды ілгерілету болды.

Негізгі мәселелердің бірі Жасыл климат қоры (GCF) аясындағы ынтымақтастықты кеңейту болды. Қордың Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Т. Эрикссонмен кездесуде А. Қуантыров институционалдық қолдаудан климаттық инвестициялық жобаларды практикалық іске асыру кезеңіне көшу мәселелерін талқылады.

Қазақстанның ұлттық климаттық инвестициялық платформасын (Country Platform) Readiness 3.0 бағдарламасы аясында іске қосуға ерекше назар аударылды. Жобалық құжаттамаға қол қойылды, ал бірінші кезеңдегі қолдау көлемі 1,3 млн АҚШ долларын құрайды. Платформа климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту және оған бейімделу бағыттарындағы жобаларды әзірлеу мен іске асыру үшін мемлекеттік органдарды, қаржы институттарын және инвесторларды біріктіруге бағытталған.

Сондай-ақ 2025 жылы Жасыл климат қорының аккредитациясынан өткен Қазақстанның Даму Банкінің аталған бастамаға қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі өңірлік жобаларды дамыту мәселелері қаралды.

Қазақстанның тағы бір бастамасы – Климат және таза ауа коалициясының (CCAC) жыл сайынғы отырысын 2027 жылы Астанада өткізу туралы ұсыныс болды. Бұл ұсынысты А. Қуантыров Коалиция Хатшылығының басшысы Мартина Оттомен кездесу барысында жеткізді.

Қазақстан тарапы іс-шара бағдарламасына метан шығарындыларын қысқарту жөніндегі өңірлік диалогты, сондай-ақ бірлескен жобаларды қалыптастыру мақсатында әлеуетті әріптестермен кездесулерді енгізуді ұсынды. Отырысты Астанада өткізу Орталық Азия елдерінің, халықаралық ұйымдардың, инвесторлар мен технологиялық компаниялардың күш-жігерін біріктіруге арналған алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында Қазақстанға арналған CCAC елдік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының нәтижелері де қаралды. Бағдарлама үш жыл ішінде 4 млн АҚШ долларына дейін қолдау көрсетуді көздейді. Басым бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығында, мұнай-газ және көмір секторларында метан шығарындыларын қысқарту, сондай-ақ полигон газын ұстау жөніндегі жобаларды дамыту бар.

Тараптар биогаз қондырғыларын енгізу, шахталық метанды электр энергиясын өндіруге пайдалану және жеңілдетілген қаржыландыру тарту сияқты практикалық шешімдерге ерекше назар аударды. Қазақстан тиісті жобаларды іске асыру үшін халықаралық инвесторлармен және технология жеткізушілерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Экологиялық білім беру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері Министрдің Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Салим бин Мухаммед Әл-Маликпен кездесуінің негізгі тақырыбы болды.

А. Қуантыров Қазақстан Республикасы Президентінің қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың оның жай-күйіне деген жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Тараптар экологиялық ағарту, бейінді мамандар даярлау, ғылыми тәжірибе алмасу және жастар бастамаларын қолдау салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Күннің маңызды оқиғаларының бірі «Таза технологиялар саласындағы инновацияларды дамыту жөніндегі жаһандық бағдарлама: ұлттық жетістіктен өңірлік климаттық әсерге дейін» атты халықаралық сессия болды. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО), Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) өкілдері және сарапшылар қатысты.

Сессияның ашылуында Министр 2023 жылдан бастап Қазақстанда халықаралық әріптестердің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасын (GCIP) іске асыру нәтижелерін таныстырды. Бағдарламаның үш кезеңі аясында су технологиялары, цифрлық экологиялық мониторинг және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарында шешімдер әзірлейтін 100-ге жуық стартап қолдау тапты.

Сессия аясында Орталық Азияның жасыл акселерация платформасының тұжырымдамасы да таныстырылды. Бастама перспективалы экологиялық технологияларды енгізу және оларды өңірлік нарықтарға шығару мақсатында стартаптарды, ғылыми ұйымдарды, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен инвесторларды біріктіруді көздейді.

Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық павильонында іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге үлес қосқан волонтерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ТМД Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысы Шымкент қаласында аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Төтенше...

Түркістан қаласында кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін қаржылық ресурстар мен өндірістік инфрақұрылымнан бөлек, білікті мамандардың болуы маңызды....