Алматы қаласында қоғамдық көлік қызметін жетілдіру, жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздікті арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы негізгі бастамалар қала әкімдігінде өткен арнайы кеңесте талқыланды.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту аясында биыл №96, №130 және №145 жаңа автобус бағыттары іске қосылды. Сонымен қатар жолақы төлеу жүйесі жаңартылып, Avtobys платформасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Жаңа жүйе қолма-қол ақшасыз төлемнің барлық түрін қабылдайды және қолданыстағы «Онай» сервисімен қатар жұмыс істейді.
Қалада қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта buslane жолақтарының ұзындығы 84 шақырымды құраса, алдағы кезеңде тағы 56 шақырым жаңа жолақ ұйымдастырылып, жалпы ұзындығы 140 шақырымға жеткізіледі.
Жол қозғалысын оңтайландыру мақсатында бірқатар көшелерде біржақты қозғалыс пилоттық режимде енгізілді. Сонымен қатар велоинфрақұрылым белсенді дамуда. Қазіргі 89 шақырым веложолға қосымша 38,5 шақырым жаңа желі салу жоспарланған.
Қала бойынша 3842 жол белгісі жаңартылып, жол таңбалары 1700 шақырым көше-жол желісінде жаңартылды. Бұған қоса, 642 бағдаршам нысанын қамтитын интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жалғасуда.
Жүзеге асырылып жатқан жобалар Алматыда қауіпсіз, тиімді әрі заманауи көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған.

