Алматы қаласының құтқарушылары Іле Алатауында тауға шыққан туристерге жедел көмек көрсетіп, олардың бірін қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Оқиға теңіз деңгейінен 3300 метр биіктікте орналасқан Космостанция маңында болған.
Үш адамнан құралған туристік топ Үлкен Алматы шыңына көтерілгеннен кейін төмен түсу барысында қиын жағдайға тап болған. 2005 жылы туған ер адамның денсаулығы күрт нашарлап, басы айналып, тау ауруының белгілері байқалған. Соның салдарынан ол өздігінен қозғалып, маршрутты жалғастыра алмаған.
Туристер ұялы байланыс арқылы құтқарушылармен байланысып, өздерінің нақты геолокациясын жолдаған. Ақпарат түскеннен кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі жедел әрекет етіп, оқиға орнына жетті.
Құтқарушылар топ мүшелерін қауіпсіз бағытпен алып шығып, оларды «Алма-Арасан» экобекетіне дейін жеткізді. Биіктіктен түскеннен кейін туристің жағдайы біртіндеп жақсарып, тау ауруының белгілері толықтай басылған. Мамандардың бағалауынша, оған қосымша медициналық көмек қажет болмаған.
Оқиға тауға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Құтқарушылар азаматтарға маршрутты алдын ала жоспарлап, денсаулық жағдайын ескеруге және төтенше жағдайда байланыс құралдарын өзімен алып жүруге кеңес береді.

