Алматы қаласында құқық қорғау органдары заңсыз қару айналымына қарсы бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Кезекті жедел іс-шара барысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылған заңсыз қару саудасының жолын кесіп, бірқатар тыйым салынған заттарды тәркіледі.
Заңсыз әрекет әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында пневматикалық қарулар мен суық қарудың бірнеше түрі заңсыз айналымнан алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Полицияның мәліметінше, интернет кеңістігі арқылы жүргізілетін заңсыз қару саудасы қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді. Сондықтан құқық қорғау органдары әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларға тұрақты бақылау жүргізіп, күмәнді ақпараттарды жедел тексеруде.
Бұл бағыттағы жұмыстарға аудандық полиция басқармалары да белсенді қатысып келеді. Қызметкерлер күн сайын тексеру іс-шараларын өткізіп, тыйым салынған заттардың заңсыз сақталуы мен сатылу деректерін анықтауға күш салуда.
Жыл басынан бері жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 619 тыйым салынған зат тәркіленген. Барлық анықталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, заң аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Полиция азаматтарға қару-жарақты заңсыз сақтау мен өткізудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

