Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасөспірімдер құрамасы үшін ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындары өз мәресіне жетті. Ұлдар мен қыздардан құралған команда бірнеше кезеңнен тұратын қарқынды дайындықтан өтіп, кәсіби шеберліктерін жетілдірді.
Жаттығу барысында қатысушылар түрлі тактикалық және техникалық тапсырмаларды орындап, төтенше жағдайларда әрекет етуге қажетті дағдыларын нығайтты. Сонымен қатар, спортшылардың дене дайындығы, төзімділігі және жылдам шешім қабылдау қабілеті жетілдірілді. Оқу-жаттығу жиындарының маңызды бағыттарының бірі командалық өзара іс-қимылды дамыту болды.
Мамандардың бағалауынша, жиын барысында жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, кез келген жарыста ел намысын қорғауға қабілетті екендерін дәлелдеді. Қатысушылар арасында ұйымшылдық пен жауапкершілік артып, ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеу мәдениеті қалыптасты.
Оқу-жаттығу жиындары алдағы спорттық маусымға дайындықтың маңызды кезеңіне айналды. Мұндай шаралар жас құтқарушылардың кәсіби және спорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлар саласына қызығушылық танытқан жастардың қатарын көбейтуге ықпал етеді.
Алдағы уақытта жас құтқарушыларды жаңа жарыстар, маңызды сындар және жоғары нәтижелер күтіп тұр. Олар өздерінің дайындығы мен табандылығы арқылы жаңа белестерді бағындыруға ниетті.

