Алматыда 100 мыңнан астам оқушы жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаға қатысады

Алматыда 100 мыңнан астам оқушы жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаға қатысады

Алматы қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ауқымды білім беру жобасы жүзеге асырылуда. «Балалар және жол: қауіпсіздік аумағы» бастамасы аясында Наурызбай ауданындағы №221 жалпы білім беретін мектепте «Жол және қауіпсіздік аймағы» атты арнайы оқу-жаттығу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Жобаны Алматы қаласының прокуратурасы, Әкімшілік полиция басқармасы, Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы және Білім басқармасы бірлесіп өткізді. Бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және балалар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу.

Жоба аясында Алматы қаласы бойынша 100 мыңнан астам оқушыны қамту көзделген. Алдағы уақытта бұл тәжірибені республика көлемінде енгізу жоспарланып отыр.

Іс-шара барысында оқушыларға тәжірибелік сабақтар өткізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау маңызы түсіндірілді. Мамандар балаларға жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіздік талаптарын таныстырып, жол-көлік жағдайларына қатысты нақты мысалдарды талқылады. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі көрсетіліп, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары үйретілді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың жауапкершілігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді. Жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған бұл бастама қоғам үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болып саналады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ